Қазақстан ТМД еңбекші-мигранттарының құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға өз ескертпесін енгізіп отыр

None
None
АСТАНА. Қарашаның 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Қазақстан ТМД еңбекші-мигранттарының құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға өз ескертпесін енгізіп отыр.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Аталған конвенция көпжақты келісім негізінде болғандықтан оның мүмкіндіктері Қазақстаннан шыққан мигранттарға да қатысты болып табылады. Елімізден шыққан мигранттардың құқықтарына қысымдық көрсетуге және мәжбүрлеуге, құлдық еңбекке салуға жол берілмейді. Сонымен бір мезгілде, конвенция шетелде жұмыс істейтін қазақстандық азаматтардың әлеуметтік қорғалуын, денсаулық сақтау, әлеуметтік төлемдер, қосымша білім алу деңгейін арттыруға және сыртта жүрген қазақтардың мәдениетін сақтауға, ана тілін үйренуге мүмкіндіктер беретін болып табылады», деді Б. Нұрымбетов.

Вице-министрдің айтуынша, конвенцияның 7-бабы, 1-тармағының 12-ші азат жолы (абзац) және 13-бабы, 1-тармағының нормалары Қазақстанның заңнамасындағы жағдайдан өзгеше мәселені көздейді. Осыған байланысты Қазақстан конвенцияға тиісті ескертпе енгізіп, ол бойынша көрсетілген нормада «Қазақстан өзінің ұлттық заңнамасына  сүйеніп іске асырады» деп жазылған.

«Мәселен, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, әлеуметтік жәрдемақы алуға, білім алуға Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың құқы бар. Ал Конвенцияның 7-ші, 13-ші баптары бұндай құқықтарды қабылдаушы тараптың заңнамасымен қоса халықаралық шарттарға сәйкес, тек еңбекші-мигранттар ғана емес олардың отбасы мүшелеріне де береді. Екіншіден, конвенцияға сәйкес еңбеші-мигрант болып, өзі азаматы болып табылмайтын және тұрақты тұрмайтын мемлекеттің аумағында заңды түрде тұратын және заңды негізде ақылы еңбекпен айналысатын адамдар танылады. Бұл дегеніңіз конвенция аясындағы аталған сол елде тұрақты тұрмайтын азамат, бірақ заңды негізде жұмыс істеп жүрген азаматтарды да қамтиды. Сондықтан, халықаралық шарт болып табылатын конвенцияны тиісті ескертпесіз ратификациялау Қазақстанның еңбекші-мигранттарына олардың отбасы мүшелеріне зейнетақыдан басқа әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру және заңды білім мен қосымша кәсіптік білім алу құқықтарын береді. Олай болған жағдайда бұл норма еліміздің мемлекеттік бюджетінен қосымша шығын талап етуі мүмкін. Осы себептен Қазақстан тарапы конвенцияға тиісті ескертпені қабылдап отыр», деді Б. Нұрымбетов.

Соңғы жаңалықтар