Қазақстан ТМД елдерінің әлеуметтік бағыттағы кеңесіне төрағалықты Арменияға тапсырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ереванда ТМД қатысушы мемлекеттердің Еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі консультативтік кеңесінің 35-ші отырысы өтті. Шара барысында кеңеске Қазақстанның төрағалық ету кезеңіндегі жұмысы қорытындыланып, Арменияға төрағалық өкілеттіктері берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ТМД мен Моңғолияға қатысушы елдердің Еңбек инспекцияларының өңірлік альянсы, ЕЭК, кәсіподақтардың жалпы конфедерациясы, ТМД мемлекетаралық статистикалық комитеті, бейінді базалық ұйымдар, «Тәуелсіз Мемлекеттер ардагерлерінің (зейнеткерлерінің) қоғамдық ұйымдарының достастығы» Халықаралық одағының үйлестіру кеңесі, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің делегациясы қатысты.

Еліміздің атынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов қатысты. Отырыста сөз сөйлеген ол ТМД Атқару комитетінің көмегімен Қазақстанның төрағалық ету кезеңінде консультативтік кеңес өткізген жұмысы туралы есеп берді.

Кеңестің төрағалығы 2021 жылы Астанада өткен 34-ші отырыста Беларусьтен Қазақстанға берілді. Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері экономикалық қызмет түрлерін, сондай-ақ әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын немесе шектелетін жұмыс түрлерінің, кәсіптер мен лауазымдардың тізбесін ескере отырып, 18 жасқа толмаған адамдардың еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыс түрлерінің тізбесіне қатысты ұсыныстарды мақұлдады.

Биылғы наурыз айында Астанада кеңестің 2017-2021 жылдардағы қызметі туралы есепті тыңдау бойынша отырыс, маусым айында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықты зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы екіжақты ынтымақтастығын дамыту мәселелері жөніндегі бірінші кеңесі, ал қыркүйек айында Астанада әлеуметтік қызметтерді дамыту, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды оңалту бойынша бірінші халықаралық конференция өтті.

Ақмәди Сарбасов Кеңестің басқа да жұмысын атап өтті: Еңбекті нормалау, кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелері бойынша жұмыс топтарының бірқатар отырыстары, сондай-ақ қазіргі уақытта мемлекетішілік келісу кезеңінен өтіп жатқан ортақ еңбек нарығын кезең-кезеңімен қалыптастыру және жұмыс күшінің көші-қонын реттеу тұжырымдамасын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізілді.

35-ші отырыс барысында Сарбасов Қазақстандағы әлеуметтік-еңбек жағдайы және осы салада қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, вице-министр кеңестің қатысушыларына платформалық жұмыспен қамтуды заңдастыру, жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту, еңбек ұтқырлығын ұйымдастыру, республикада халықты ұтымды қоныстандыру мәселелерін шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды таныстырды.

Өз сөзінің соңында Ақмәди Сарбасов консультативтік кеңес төрағасы, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың атынан Армения Республикасына осы Кеңестің төрағалығын тапсырып, Арменияның Еңбек және әлеуметтік мәселелер министрі Нарек Аршақұлына және кеңестің 35-ші отырысына қатысушыларға жемісті жұмыс тіледі.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі Консультативтік Кеңесінің келесі отырысы 2023 жылы Ресейде өтетін болады.


Фото: facebook.com/enbekgovkz



Соңғы жаңалықтар