Қазақстан теннис турнирлерін жоғары деңгейде ұйымдастырады – әлемнің төртінші ракеткасы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда теннис турнирлерін жоғары деңгейде ұйымдастырады. Бұл туралы әлемнің төртінші, Astana Open ATP 500 жарысының екінші ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана додасының алғашқы айналымында әлемнің 40-ракеткасы, испаниялық Альберт Рамосты 6:3, 6:1 есебімен жеңген ресейлік спортшы аталмыш жарыстың жақсы ұйымдастырылғанын айтты.

«Мен мұнда (Қазақстанда) алғашқы турнирімді (ITF) Өскеменде жас кезімде өткізіп, жеңіске жетіп едім. Сондықтан Қазақстанды ерекше жылылықпен еске аламын. Осында қайта келгеніме қуаныштымын. Астана турнирі, мейлі ол АТР 250 немесе АТР 500 деңгейінде бола ма, жарыстар күнтізбесінде қалады деп үміттенемін», деді US Open 2021 додасының жеңімпазы.

Д.Медведев – Астана жарысы чемпиондығынан басты үміткерлердің бірі. Оның үстіне әлемнің бірінші ракеткасы, испаниялық Карлос Алькарас алғашқы айналымда-ақ ұтылып қалды.

Ресейлік теннисші ширек финалға шығу үшін әлемнің 53-ракеткасы, финляндиялық Эмил Руусувуори немесе рейтингте 64-сатыдағы швейцариялық Марк-Андреа Хуслердің біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Astana Open ATP 500 турнирінде Александр Бубликтің 15 эйс жасап, екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Анна Данилина Чехиядағы жарыстың ширек финалына шықты.




Фото: www.hufsd.edu






Соңғы жаңалықтар