Қазақстан теңдестірілген сыртқы саясатты ұстанады – Мұхтар Тілеуберді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді жапондық NHK хабар тарату корпорациясына сұхбат берді және Ресей, Қытай, Жапония, Түркия мен Еуропаға қатысты сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айтты. Ол Қазақстанның көпқырлы және теңдестірілген сыртқы саясатты ұстанатынын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыртқы істер министрі сұхбатта Ресей мен Украинаның тарихи тұрғыдан Қазақстанға татулас елдер екенін айтты.

«Мені Украинадағы шиеленіс қатты алаңдатады. Қазақстан үшін Ресей мен Украина – тарихи тұрғыдағы татулас елдер. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің де басшыларымен үнемі байланыста және оларды келіссөз үстеліне отыруға, дауды шешудің бейбіт және дипломатиялық жолын табуға шақыруда», - деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрі.

Ол экономикалық тұрғыдан Ресей мен Қазақстанның тығыз байланыста екенін және Ресей Федерациясына қарсы санкциялар Қазақстан экономикасына кері әсерін тигізгенін айрықша атап өтті.

«Қазақстан Ресейге қарсы санкцияларға қатыспайды, бірақ санкцияларды айналып өтетін түрлі мүмкіндіктерді пайдаланбайды деген қағиданы ұстанады. Қазақстан көпқырлы салмақты дипломатияны жүргізеді. Біз Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азиядағы көршілерімізбен, сондай-ақ АҚШ, Жапония, Еуропа елдері, Ұлыбритания сияқты әлемдік державалармен өзара тиімді және тең құқықты қатынастарды дамытуға тырысамыз. Бұл бізге барлық елдерден инвестиция тартуға мүмкіндік береді», - дейді Мұхтар Тілеуберді.

Әсіресе, Қазақстанның көлік және логистика үшін транзиттік пункт ретінде даму әлеуетіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Министрдің пікірінше, Қазақстан шетелдік инвестицияларды тартып, Еуропа мен Азияны байланыстыратын хаб бола алады.

«Биыл Қазақстан мен Жапония арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 30 жыл толады. Біз соңғы жылдары қарым-қатынастардың жоғары деңгейіне қол жеткіздік және парламенттік достық аясында бұл қатынастарды стратегиялық әріптестік деп санаймыз», - деп түйіндеді министр М. Тілеуберді.

Айта кетейік, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Орталық Азия – Жапония» диалогының Сыртқы істер министрлерінің 9-шы кеңесіне қатысу үшін Токиоға сапармен барды.


Соңғы жаңалықтар