«Қазақстан темір жолы» компаниясы ІРО-ға қашан шығарылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қарыз жүктемесіне байланысты ІРО-ға 2023 жылы шығарылуы мүмкін.

Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан темір жолында проблемалар бар. Сондықтан біз қазіргі уақытта мерзімін сәл кейінге, 2023 жылға дейін шегеру бастамасын жасағымыз келеді. Қалған компаниялар меніңше, мерзімінде, 2020 жылы ІРО-ға шығатын болады», - деді ол Сенаттың жалпы отырысында.

Осы ретте министр компанияның ІРО-ға дер уақытында қандай проблемалар кедергі болып отырғандығын айтты.

«Бұл проблемалар белгілі. Сөз аталған компанияның қаржы жүктемесі жайында болып отыр. Қазіргі уақытта қаржылық жағдайын жақсарту, нақты айтқанда ҚТЖ-ның қарызын қайта құрылымдау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы, арнаулы жол картасы әзірленді және біз бұл мәселеде ілгерілеп келеміз. Меніңше, таяу бірнеше жылдың ішінде бұл мәселе қажетті шекте болады», - деді Әлихан Смайылов жалпы отырыстан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, компания кезінде алған валюталық қарыз елдің ішкі қарызымен алмастырылады.

«Яғни, олар бағамдық тәуекелдерге байланысты қызмет көрсетуге қымбатқа түсетін валюталық қарыздан құтылу үшін ел ішінде теңгемен ақша тартады. Біздің халықаралық консультанттар нарық конъютурасын ескере отырып, бұл мәселеде асғыстық жасауға болмайды деп санайды»,- деді ол.

Соңғы жаңалықтар