«Қазақстан» телеарнасының журналистері Ұлы Отан соғысы шежіресінен түсірілім дайындауда - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазақстан» ұлттық телеарнасының түсіру тобы Ұлы Отан соғысының шежіресіне байланысты Батыс Қазақстан облысынан арнайы түсірілім дайындауда.

Құрамында редакторы Толқын Орманбек, режиссері Айдос Ділдебай, жарық берушісі Серік Ниязалиев, телеоператоры Саясат Дүйсенбаев бар топ алдымен Ақжайық ауданының Есенсай ауылында болды. Осы ауылдың маңына соғыс жылдары кеңестік экипаж мінген «Дуглас» ұшағын жаудың «Миссершмиді» атып түсірген. Бұл былай болған: майдан шебіне жақын орналасқан өңір ретінде ауданның Мерген мен Мойылды ауылдарының арасында, яғни Жайықтың оң жағалауында сол кезеңде авиациялық, химиялық бомбалар, т.б. қару-жарақпен қоса фашистер ұшағына қарсы әрекет жасайтын «ИЛ-2», «ИЛ-4» әуе кемелері, зенит нүктелері бар құпия полигон жұмыс жасаған. Осы құпия полигонға Сталинград жақтан қажетті зат жеткізу үшін әуеге көтерілген «Дугласқа» «Миссершмид» кезігеді. Жылдамдығы басым одан құтылудың қиындығын айтпағанда, әлгі құпия нысанды әшкерелетіп алмау үшін кеңестік Николай Виноградов бастаған экипаж Жайықтың сол жағына - Есенсайға қарай асады. Міне, дұшпан ұшағы «Дугласты» Есенсай аспанында атып құлатады.

«Қазақстан» телеарнасының өкілдері Есенсайдағы кеңестік экипаж мүшелері жерленген жерге тәу етті, соғыс жылдарының баласы, әуедегі шайқас жайында білетіндердің бірі, кейін «Құрмет Белгісі» орденді озат малшы атанған Нұрым Тәменовпен әңгімелесті. Олар сондай-ақ, құпия полигондағы күзет бастығы болған Валентин Гулевскийдің (марқұм) ұлы, еңбек ардагері Виктор Гулевскиймен жүздесті.

Журналистер мен түсірілім тобы өңірдің өзге де аудандарында болмақ.

Айта кетейік, Сталинград майданына тиіп тұрған Орда (қазіргі Бөкей ордасы), Жәнібек аудандары соғыс жағдайында деп жарияланғаны мәлім. Ал Орал қаласына қорғаныстық мақсаттағы зауыттар көшіріліп, әскери госпитальдар орналастырылды.

Соңғы жаңалықтар