«Қазақстан» телеарнасының  алғашқы басшысына ескерткіш тақта орнатылды
2018 жылғы 8 ақпан 15:57

«Қазақстан» телеарнасының алғашқы басшысына ескерткіш тақта орнатылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандағы алғашқы телеарнаның жетекшісі Хамза Әбілғазиннің құрметіне өзі қызмет атқарған Ұлттық арна ғимаратында ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хамза Әбілғазиннің есімі отандық телеарна тарихымен тікелей байланысты. Оны еске алушылар білікті басшы туралы шежірені 1950 жылдардың аяғындағы Алматы телестудиясының тарихынан бастайды. Бүгінгі «Қазақстан» телеарнасының іргетасы болған Алматы телестудиясы 1958 жылы ашылып, оған мәдениет саласының білікті маманы Хамза Әбілғазин басшы болып бекітіледі.

«Әкем телестудияға басшы болып бекітілгенде есімде үйде кішкентай теледидар болды. Жұмыстан келген соң да соны қосып қойып, бағдарламаларды қадағалап отырады. Телефон соғып, ескертулер жасап жатады. Шағын пәтерде тұрамыз, үйде Баянауылдан келіп жатқан ағайын-туыстан бөлек көршілер де келіп, сол теледидардың алдына үймелейтін. Содан кейін әкем үйдегі теледидардан жұмысын қадағалай алмайтын болғандықтан,өзі түнге дейін жұмыста қалатын болды», -деп еске алады оның ұлы Бахыт Әбілғазин.

Ескерткіш тақтаның ашылуында сөз алған «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасының продюсері Жаңыл Мәмежанқызы телеарнаның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы ұйымдастырылып отырғанын айтты.

«Ұлттық арна алғашқында Алматы студиясы деп аталды. 1 айдан кейін телеарнамыз өзінің 60 жылдығын атап өтеді. Алғашқы іс- шара басталып та кетті. Бүгін міне, Хамза Әбілғазин ағамызға ескерткіш тақта ашылып жатыр. Хамза аға - Ұлттық арнаның алғашқы директоры. Алғашқы директорымызға көрсетіліп жатқан құрмет сол кезде жұмыс істеген Қанапия Мұстафин ағамызға, Совет Мазғұтов, дикторлар Лейла Омарова. З. және Зулхия Жұматоваларға көрсетілген ілтипат деп білеміз», - деді ол.
null

Жиында сөз алған Хамза Әбілғазиннің ұлы Бақыт әкесінің «Қазақфильм» киностудиясында да қызмет атқарғанын, онда сапалы100-деген фильмді қазақша сөйлеткенін айтты.

«Алматы телестудиясын басқарғаннан кейін оны «Қазақфильмнің» бірінші орынбасары етіп жіберді. Міндеті - дубляжды жолға қою. Әкемнің жетекшілігімен 100-ден астам фильм қазақ тілінде сөйледі.Ол кісі Алматы телестудиясында басшы болып тұрғанында дикторлыққа З.Жұматова мен Л.Омарованы бекітіп, екеуін Мәскеуде Юрий Левитанның курсына жібергенін айта кету керек. Сол сапарда одақтан келген журналистер арасында екеуі де үздік диктор атанды. Ол маған: «Өмірді артыңнан бірде бір адам жаман сөз айта алмайтындай қылып сүру керек» деп өсиет айтты. Өзі солай істеді де, ары таза болып кетті», - деп еске алды.
null

Хамза Әбілғазин 1919 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауылында дүниеге келген. Қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. 1939 жылы Ұлы Отан соғысына 20 жасында аттанып, 1946 жылы майданнан оралған. Әр жылдары министрлер кеңесінің мәдениет саласында қызметтер атқарған. Алматы телестудиясында 1958-1962 жылдары директор болса, 1962-64 «Қазақфильм» киностудиясында директордың орынбасары, 1954-1972жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің радиохабарлар және теделидар басқармасының басшысы болды. 1972 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ КСРЖоғарғы кеңесінің Төралқа істер басқармасының басшысы қызметін атқарды. 1980 жылы 61 жасында дүниеден озды.
null


null

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT