Қазақстан тәжірибесін өзге елдермен бөлісуге әзір - Бақытжан Сағынтаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Халықаралық валюта қорымен ынтымақтастықтағы тәжірибесін өзге елдермен бөлісуге әзір. Бұл турлы бүгін Халықаралық валюта қоры мен ҚР Ұлттық банкінің өңіраралық кездесуінде Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Еуразияның барлық елдерімен белсенді ынтымақтастық аясында экономикалық интеграцияға қол жетізу саясатын ұстанады.  Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуымыз ұлттық экономикамызды әртараптандырудың негізгі құралы саналады. Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын  дамытуды қолдайды және аталған жоба аясында халықаралық ынтымақтастыққа дайынбыз. Аталған мақсатта халықаралық нарықтарға тауарларды шығару үшін қысқа, экономикалық тұрғыда тиімді логистикалық жол жасадық. Қазақстан 2015 жылдан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының ресми мүшесі болып табылады.  Бұл - біздің еліміздің Орталық Азия өңіріндегі көшбасшыға, жаһандық экономикалық процестердің ірі ойыншыларының біріне трансформациялануына мүмкіншілік», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-Министрдің пайымынша, бүгінде Орталық Азия мен Кавказ елдері әлеуметтік-экономикалық даму, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету, инвестиция тарту және қызметтердің инновациялық түрлерін ынталандыру мақсаты төңірегіне топтасқан.

«Біз теңдестірілген сыртқы саясат ұстанамыз, елімізді және экономикамызды үшінші жаңғыртуды іске қостық. Президент Нұрсұлтан Назарбаев негізгі салаларды жаңғыртудың, кәсіпкерлік пен өнімді жұмысты, адам капиталын дамытудың жаңа басымдықтары мен міндеттерін  айқындап берді.  Мұның барлығы да Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайтып қана қоймай өңірлік интеграцияға да көмегін тигізетін жаңа саясаттың басымдықтары саналады. Қазақстан Үкіметі Халықаралық валюта қорымен ынтымақтастықтағы білімі мен алдыңғы қатарлы тәжірибесін Кавказ, Орталық Азия елдеріне таратуға көмек көрсетуге дайын», - деді Үкімет басшысы.
null

Айта кетейік, Қазақстан 1992 жылдың 15 шілдесінде Халықаралық валюта қорына мүше болды. Бүгінде еліміздің Ұлттық банкі бұл қормен көптеген мәселе бойынша тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.
null

Соңғы жаңалықтар