Қазақстан Тәжікстан заңнамасын жетілдіруге көмектеспек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қаржы министрлігі мен Тәжікстан Үкіметі жанындағы Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу агенттігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құжат Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның  Қазақстанға ресми сапары аясында бекітілді.

Атап айтқанда, меморандумға ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Тәжікстанның аталған агенттігінің директоры Бахриддин Сироджиддинзода қол қойды. Құжат электронды мемлекеттік сатып алулар жүйесін дамытуда тәжірибе әрі ақпарат алмасуды көздейді. Қазақстан Қаржы министрлігінің мамандары Тәжікстан тарапынан мемлекеттік сатып алулар саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша кеңес беруге тартылмақ.

«ТМД елдері біздің тәжірибемізге қарап отыр. Қазіргі кезде біздің сатып алу жүйеміз 100 пайызға электрондық түрде жүргізілуде. Сондықтан осы бүгінгі қол қойылған меморандумның арқасында тәжірибемізді экспорттап жатқанымызды айтуға болады. Ары қарай басқа елдерге де өз тәжірибемізді енгізу жоспарларымызда бар», - деді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Бүгінде осы салада екі ел арасында сәтті іске асырылған тәжірибелер бар. Белгілі болғандай, ҚР Қаржы министрлігінің ведомстволық бағынышты мекемесі «Электрондық коммерция орталығы» АҚ Тәжікстан электронды мемлекеттік сатып алулары ақпараттық жүйесін дамытуда кеңес беру қызметі бойынша Дүниежүзілік банк жобасын жүзеге асыру үшін өткізілген байқауды жеңіп алды. Ақпараттық жүйені дамытудың осы жобасы 100 млн теңгеден астам сомаға бағаланды. Жоба мемлекеттік қажеттіліктер үшін сатып алулар рәсімдерін толықтай автоматтандыруға бағытталған. Бұл жобаны жүзеге асыру шаралары 2017 жылдың қазанында жүргізілді.

Фото: chaikovskie.ru

Соңғы жаңалықтар