Қазақстан-Тәжікстан қатынасы еуразиялық кеңістіктегі интеграцияны нығайтады - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (KAZISS) директоры Зарема Шаукенова қазақстандық-тәжікстандық қарым-қатынас еуразиялық кеңістіктегі интеграцияны күшейтетінін айтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға сапары басталды. Бұл сапар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жұмыс бойынша кездесуіне арналған шаралардың, кездесулердің сериясын ашып отыр. Орталық Азия мен Оңтүстік Азияны байланыстырып тұрғандықтан, Тәжікстанның маңызы бүгінгі таңда айтарлықтай артып келеді», - дейді Зарема Шаукенова.

Спикер өз сөзінде, қазіргі уақытта әлемдік бірлестіктер Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға, аталған елдің бейбіт жолға түсуіне күш салып жатқанын айтады. Бұл бағытта Қазақстан да өз үлесін қосуда.

«БҰҰ ҚК төрағалығы аясында біздің еліміз 2018 жылы қаңтарда Ауғанстанға сапарлауды жүзеге асырды. Осы жылдың 19 қаңтарында Ауғанстан бойынша «Ауғанстан мен Орталық Азияда аймақтық серіктестікті қауіпсіздік пен дамудың өзаратәуелділік үлгісінде құру» тақырыбында пікірталас өткізілді. 2018 жылдың күзінде Астанада «Ауғанстандағы әйелдердің мүмкіндіктерін арттыру» тақырыбында халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр. Отандық ЖОО-ларда ауған студенттері оқытылуда. Ауғанстанға қатысты осы жұмыстардың барлығы да жалпы Орталық Азияны нығайту үшін жүргізіліп жатыр», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Тәжікстан бұл тұрғыда Ауғанстанға ашылар есік, Орталық Азия мен Оңтүстік Азияны байланыстыратын элемент бола алады. Демек, стратегиялық тұрғыда Тәжікстанның маңызы артады.

«Екінші жағынан Тәжікстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі емес. Десе де, басқа да интеграциялық блоктардың құрамында. Қазақстандық-тәжікстандық қарым-қатынастың дамуы - еуразиялық кеңістіктегі интеграцияны күшейту болып табылады. Оған қоса, Тәжікстандағы Қазақстан Республикасының Елшісі Нұрлан Сейтімовтың хабарлауынша, екі елдің арасындағы тауар айналымы 2017 жылдың қорытындысы бойынша 776 миллион долларға жеткенін атады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 31,5 пайызға артық», - деді Зарема Шаукенова.

Сарапшының пайымдауынша, кооперация үшін жаңа мүмкіндіктер туып отырғандықтан, Орталық Азия қазіргі таңда жауапты кезеңді басынан өткеруде.

«Қазақстанға келмес бұрын көп уақыт өтпей тұрып, Э.Рахмон Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиёевпен кездесті. Осы кездесудің барысында өзбек-тәжік қарым-қатынасында біршама ілгерілеушілік бары сезілді. Яғни, бұл санастыра алар Орталық Азияның жаңа үдерісі келе жатқанын білдіреді. Қазақстан үшін Тәжікстан экономикалық және әлеуметтік тұрғыда үлкен маңызға ие», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар