Қазақстан тәулігіне 1,86 млн баррель мұнай өндіретін болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. қазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы ОПЕК + елдерінің өндіріс көлемін ерікті қысқарту туралы келісімге мүше елдердің алтыншы министрлік кездесуінің жұмысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыс барысында қатысушылар әлемдік мұнай нарығын тұрақтандыруға бағытталған бірлескен іс-шараларды талқылады. 2018 жылғы қарашадағы деңгейге қатысты ОПЕК+ келісімін 2019 жылғы 1 шілдеден бастап 9 айға ұзарту арқылы мұнай өндірудің жалпы көлемін тәулігіне 1,2 млн баррельге азайтуға келісті. Қазақстан тәулігіне 1,86 млн баррель мұнай өндіретін болады.

Сондай-ақ, іс-шара шеңберінде министрлер ОПЕК-ке мүше елдер мен ОПЕК-ке кірмейтін мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық туралы Хартия жобасының мәтінін келісті. Бұл құжат ОПЕК + елдері арасындағы ынтымақтастықты институттандыруға мүмкіндік тудырады.

Бұдан бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Королі Салман бен Абдель Азиз Аль Саудпен телефон арқылы сөйлесу кезінде Қазақстан 2019 жылдың соңына дейін ОПЕК+ келісімінің қолданылу мерзімін ұзарту жөніндегі Сауд бастамасын қолдайтыны туралы айтқан еді.

Қазақстан ОПЕК елдерімен және ОПЕК-ке кірмейтін мемлекеттермен әлемдік мұнай нарығын тұрақтандыруға және мұнай индустриясы инвесторларының сенімділігін қалпына келтіруге бағытталған белсенді ынтымақтастықты жүргізуде. Әлемдік мұнай нарығының тұрақтылығын сақтау - Қазақстан Республикасының мүдделеріне сай келеді, себебі мұнай саласы ел экономикасында елеулі рөлге ие.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылғы желтоқсанда өндіруді тәулігіне 1,86 млн баррельге қысқарту бойынша міндеттемелерді қабылдай отырып, Қазақстан ОПЕК+ елдерінің 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында өндіру көлемін қысқарту бойынша мәмілені қолдады.

Осы жылдың алты айының қорытындысы бойынша Қазақстанда орташа тәуліктік өндіру көлемі 1,79 млн баррельді құрады. Осылайша, Қазақстан ОПЕК + алдындағы өндіруді тәулігіне 70 мың баррельге қысқарту бойынша өз міндеттемелерін асыра орындады.

Соңғы жаңалықтар