Қазақстан Тәуелсіздігі: 30 жылдың жылнамасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — Қазақстан тәуелсіздік алған шақтан бері мемлекеттік құрылымы қалай жетілдірілді? Халықаралық қауымдастықта орнын қалай алды? 30 жылдың жылнамасына ҚазАқпарат осы тұрғыдан жасалған шолу ұсынады

Азаттықты айқындаудың алғашқы қадамы

1991 жылдың 16 желтоқсанында ҚР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдады. Сондықтан 16 желтоқсан – Қазақстан тарихындағы ең ұлық мемлекеттік мереке.

«Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясында, халықаралық құқықтың өзге де жалпыға бірдей танылған нормаларында бекітілген жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын мойындай отырып, қазақ ұлтының өзін-өзі айқындау құқығын растай отырып, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бел байлай отырып, бейбітсүйгіш сыртқы саясатты жүзеге асыра отырып, өзінің ядролық қаруды таратпау қағидатын және қарусыздану үдерісін ұстанатыны туралы мәлімдей отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін салтанатты түрде жариялайды», – делінген Конституциялық заңда.

Қазақстанның мемлекеттік егемендік алуы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылғы 24 сәуірде «Қазақ КСР Президенті лауазымын тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдауынан бастау алады.

Қазақстанда Президенттік билік институтының енгізілуі Кеңес Одағы құрамындағы одақтас республиканың егемендікке ұмтылысындағы алғашқы нақты әрі елеулі қадамы болды.

Сол күні Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіндегі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақ КСР Президенті лауазымына баламасыз негізде сайлады.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды 2020 жылғы Тәуелсіздік күнімен құттықтауында былай деді:

«Жаңа мемлекеттіліктің негізі мықты, тәуелсіз және гүлденген Қазақстанды құрудың іргетасы болды. Мен елімнің қайта өрлеп, қалыптасуы кезеңінде тізгін ұстағанымды мақтан тұтамын. Осы жылдар ішінде Қазақстан басқа мемлекеттер ғасырлар бойы жүріп өткен қиын жолдан өтті. Бұл халықтың қолдауының арқасында мүмкін болды. Онсыз біз бүгінгі Қазақстанды құра алмас едік. Сол үшін әрқайсыңызға шынайы алғыс білдіремін. Біз тар жол, тайғақ кешуден өтіп, бейбітшілік, тұрақтылық және бірлікті басты назарда ұстаудың арқасында гүлденген және бақуатты мемлекетте өмір сүру мүмкіндігін алдық».

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заң бойынша, жыл сайын 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Қазақстандықтар үшін Мемлекеттік рәміздер Тәуелсіздік символы іспеттес. Сондықтан бұл күн ел тарихында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі қалады.

Мемлекеттік рәміздер –Ту, Елтаңба және Әнұран. 2006 жылы Тұңғыш Президенттің бастамасымен мемлекеттік әнұран ауыстырылды.

БҰҰ мінбері

Жас тәуелсіз мемлекеттің халықаралық қауымдастыққа толыққанды мүше ретінде кірігуі Біріккен ұлттар ұйымынан басталды. Ел тарихында 1991 жылдың 31 желтоқсанында БҰҰ Бас хатшысының Қазақстанның ұйым мүшелігіне кіру жөніндегі ресми өтінімі қабылданды. Ұйым қатарына ресми түрде кіру рәсімі БҰҰ Бас Ассамблеясының 1992 жылғы 2 наурыздағы 46-сессиясында өтті. Осылайша, елдің мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігі халықаралық ауқымда толық мойындалды. Әлем картасында ұйымның 168-ші мүшесі болған жаңа егемен мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды.


1992 жылдың 15 сәуірінде Қазақстан Президентінің Жарлығымен ҚР БҰҰ жанындағы бірінші Тұрақты өкілі тағайындалды. Ол қазақстандық дипломат, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы әйел елші Ақмарал Арыстанбекова еді. 1992 жылдың 5 маусымында ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігін құру туралы Президент Жарлығына қол қойылды. 1992 жылғы 5 қазанда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев БҰҰ-да алғаш рет сөз сөйледі.

Елбасы сөйлеген сөзінде жанжалдардың алдын алу үшін алдын алу дипломатиясының айрықша маңызды екенін атап, кез келген елдің мемлекеттік тұтастығын бұзуға жол бермей, өзін-өзі айқындау құқығының нақты критерийлерін айқындау қажеттігін қозғады.

ҚР Президентінің 1993 жылғы 12 қарашадағы №1399 Жарлығымен Ұлттық валюта енгізілді.

Ішкі-сыртқы татулық

1993 жылғы 18 қараша сағат 8.00-ден бастап теңге Қазақстан Республикасындағы жалғыз заңды төлем құралы болады. 1 теңге 100 тиыннан құралады.


1995 жылы Қазақстан қоғамы посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық процестерге дайын емес еді. Басқа да проблемалар жететін. Бірақ, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығының арқасында 1995 жылдың басында Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында Кеден одағын құру туралы келісімге қол қойылды.

1995 жылы Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолында қос палаталы Парламент құру және Конституцияның жаңа редакциясын қабылдауда сияқты маңызды қадамдар жасалды. Президенттің 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығы бойынша республикада қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған Қазақстан халықтары Ассамблеясы Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды.


1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум арқылы Қазақстанның Конституциясының жаңа редакциясы қабылданды. 1995 жылғы редакцияның бірінші бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені айтылған.

«Ата заңымыз – Конституция бүгінгі таңда Қазақстанның 21 ғасырдағы табысты жолының іргетасы болып табылады. Конституция – біртұтас бүкілхалықтық ерік-жігердің құрылуы. Ата заңның арқасында біз тарихи кезеңдерді сенімді еңсердік. Ежелгі қазақ жерінде тұңғыш рет тұрақты, мықты, гүлденген мемлекет құрылды. Біздің бірлігіміздің қуаты – халқымыздың шынайы байлығы», - деді Н.Назарбаев 2011 жылғы 30 тамызда Конституция күніне арналған әскерлер шеруде сөйлеген сөзінде.

1995 жылғы Конституция Франция Республикасының 5-ші Конституциясы бойынша жасалған, 2-бапта президенттік басқару формасы бекітілген. 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президент пен Парламенттің өкілеттіктерін қайта бөлетін түзетулер енгізілді.

1995 жылдың 3 қазанында ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының Парламентіне сайлауды тағайындау туралы» Жарлығы шықты. 5 желтоқсанда ҚР Парламенті Сенатының, ал 9 желтоқсанда Мәжіліс сайлауы өтті. 67 депутат пен 40 сенатор сайланды. Қазір Қазақстан Парламенті биліктің заң шығарушы тармағы ретінде жұмыс істеп келеді.


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдың 10 желтоқсанында Ақмола қаласы ресми түрде Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. Бүгінде Қазақстанның елордасы - Нұр-Сұлтан қаласы деп аталады.


1999 жылдың өзінде Астана әлем назарына ілікті. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Астанасы ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» марапатына ие болды.

Қазақстан қандастаррды тарихи отанына қайп отырған санаулы елдердің бірі саналады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан билігі этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуға шақырып, елге миллионнан астам қандас келді. Негізінен Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Түркіменстаннан қоныс аударғандар көп болды.

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бастамасы қазақ ұлтын топтастырудың факторына айналды. Бұл саясат Елбасының бастамасымен 2009-2011 жылдары қабылданған «Нұрлы көш» бағдарламасы сияқты бірқатар заңнамалық актілерде бекітілген. Қазқастанда «Отандастар» қоры жұмыс істейді. Елбасының тапсырмасы бойынша Тәуелсіздік жылдары қандастардың отанға көшуін ресімдеу, азаматтық алу рәсімдерін жеңілдету бойынша тұрақты жұмыс жүргізілді. Сондай-ақ, қандастарға тұрғын үй мен жұмыс бере отырып, оларды өңірлерге ұтымды қоныстандыру шаралары қабылдануда.

Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалығы біздің мемлекетіміздің тарихындағы маңызды оқиға болды.

Тарихта алғаш рет ЕҚЫҰ-ның төрағалық тізгіні посткеңестік республикаға өтті. Қазақстан ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында және Азия, мұсылман және түркітілдес әлем елдері арасында бірінші болып Еуразия кеңістігіндегі ең беделді ұйымдардың бірі ретінде ЕҚЫҰ-ның төрағасы болды.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аясында 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Астанада ұйымның Саммиті ұйымдастырылды.

Саммитке 56 елдің саяси қайраткерлері, 600-ге жуық халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, 1500 журналист форумнан хабар таратты.

1 желтоқсандағы саммиттің ашылуында сөз сөйлеген Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Хельсинки процесі бастапқыда «Атлантикадан Оралға дейін» жалпыеуропалық тұжырымдамасына сүйене отырып дамығанын атап өтті. ЕҚЫҰ құрылуымен Еуропалық қауіпсіздік қағидалары Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте бекітілді. Хельсинки процесінің дамуындағы үшінші кезең Қазақстанның төрағалықтан бастау алды.

Саммит қорытындысы бойынша Астана декларациясы қабылданды. Онда процеске қатысушылар Хельсинки актісінде және жаңа Париж Хартиясында, Ұйымның басқа да құжаттарында бекітілген ЕҚЫҰ міндеттемелерін, қағидаттары мен құндылықтарын растады. Ұйымға мүше елдердің өкілдері ЕҚЫҰ-ның үш өлшеміндегі жұмысын жалғастыруға, жанжалдар мен тұрақсыздық ошақтарын реттеп, адам құқықтарын қорғауға бағытталған күш-жігерді арттыруға, сондай-ақ қауіпсіздік міндеттерін шешудің жаңа әдістерін енгізуге міндеттенді.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте Қазақстан астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Бірінші съезі өтті. Съездің мақсаты: әлемдік және дәстүрлі діндер формаларында жалпы адамзаттық бағдарларды іздестіру; діндер үнқатысуын жүзеге асыру және келісілген шешімдер қабылдау үшін тұрақты жұмыс істейтін халықаралық конфессияаралық институттың жұмыс істеуі.

2003, 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алты съезіне ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері қатысты. Съездің диалог алаңдарында діни қауымдастықтардың рухани жақындасуы бойынша мазмұнды және сындарлы әңгімелер өрбіп, дінаралық саммиттің бірлескен қорытынды құжаттары – декларациялар мен үндеулер қабылданды.

Елбасының еуразиялық интеграция тұрғысындағы бастамасы алғаш рет 1994 жылғы наурызда М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде айтылды.

Ресейдің академиялық қауыммдастығы алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан басшысы ТМД мемлекеттері арасындағы ынтымақтың жаңа деңгейіне өту қажеттігін атап өтті. Сол сөздің орайымен 1995 жылдың басында Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында Кеден одағын құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл идея 2007 жылы Беларусь, Қазақстан және Ресей бірыңғай кедендік аумақ құру туралы шартқа қол қойған кезде жаңа қуатты серпінге ие болды. Келіссөздерден кейін «Еуразиялық үштік» Кеден одағының негізіне алынған 40-тан астам халықаралық шарттарды мақұлдады.

Уақыт өте келе Беларусь, Қазақстан және Ресей 2010 жылы Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыруға кірісті. Осыайша интеграция тереңдей берді, ортақ нарық құрылды. Мұның бәрі Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына жол ашты.

2014 жылдың 29 мамырында Астанада Беларусь және Қазақстан Республикаларының, Ресей Федерациясының Президенттері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды.

Сабақтастық

2016 жылдың 28 маусымында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Қазақстан БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің 138-інің дауысын жинап, 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Осылайша Орталық Азиядағы бес елдің ішінде Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі әрі Төрағасы қызметіне сайланған алғашқы мемлекет болды.


2017 жылдың 1 қаңтарында ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше елдің басшысы ретінде «Қауіпсіз, әділетті және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси үндеу жариялады.

2018 жылдың қаңтар айында Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалықтың халықаралық мәртебесі жоғары. Өйткені БҰҰ Жарғысы бойынша Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті сақтау жауапкершілігін мойнына алғандықтан, БҰҰ-ға мүше елдердің бәрі Төраға елдің шешімдеріне бағынуға міндетті болды.

Қазақстанның төрағалығы кезеңінде консультациялар, брифингтер және пікірталастар форматында 30-ға жуық отырыс өтіп, солардың қорытындысы бойынша қарарлар мен мәлімдемелер қабылданды.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуінің арқасында ядролық қаруды таратпау мәселесі 2018 жылдың қаңтарында Қауіпсіздік кеңесінде талқыланған басты тақырыптардың біріне айналды.

2018 жылдың 19 қаңтарында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев қазір көптеген қақтығыстардың алдын алуға және оларды әлемдік ядролық державалар арасындағы өзара түсіністік пен өзара сенім болған жағдайда ғана тиімді реттеуге болатынын атап өтті.


«Бірақ бұл басқа елдер шетте қалуы керек дегенді білдірмейді. Олардың бұл істе әсері шамалы. Әлем қауымдастығы – бұл біздің планетамызды мекендейтін ұлттар мен халықтар арасында тепе-теңдік пен үйлесімділік болған кезде өмір сүріп, дами алатын әралуан әрі мен көпқырлы біртұтас қуатты организм. Сондықтан да біз халықаралық құқық үстемдігіне негізделген неғұрлым қауіпсіз әлем мен неғұрлым әділетті әлемдік тәртіпке бірлесіп қол жеткізуге тиіспіз.

Бұл істе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі мен тарихи миссиясы айрықша екені де сөзсіз. Мен XXI ғасырда адамзат жаппай қырып-жоятын қарулардың қатерінен азат бейбіт жолға түсе алатыннан сенімдімін. Әлем қауымдастығының ұжымдық сенімі, ерік-жігері мен ақыл-ойы планетамыздың жаһандық апат тұңғиығына қадам басуына жол бермейді деп сенемін», - деді Елбасы.

2017 жылғы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Қазақстан астанасында 4 миллионннан астам адам қатысқан EXPO 2017 халықаралық көрмесі өтті.

10 қыркүйекте EXPO 2017 жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев көрме Қазақстанның инновациялық дамуын одан әрі айқындаған феномен болғанын атап өтті.

«EXPO-2017 көрмесін сәтті өткізу Астананың және бүкіл Қазақстанның синергиясының нәтижесі болды. Ол оң мультипликативтік әсер дарытып, еліміздің экономикасының одан әрі дамуына серпін берді. 1 400-ден астам шағын және орта бизнес кәсіпорыны 640 миллиард теңгенің тауары мен қызметін жеткізуге тапсырыс алды. Ондаған мың адам лайықты жалақы алды. Қазақстанның туристік орталықтары айтарлықтай жанданды. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс екі есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны іс жүзінде 200 пайыз ұлғайды», – деді Елбасы.

Н.Назарбаевтың пайымынша, көрменің арқасында National Geographic журналы Астананы «Болашақтың қаласы» деп атады. Ал New York Times газеті Қазақстанды туристердің баруына тұрарлық елдер тізіміне қосты.

Елбасы көрме елорданың, жалпы Қазақстанның мәдени дамуына қуатты серпін берді деп санайды.

2019 жылғы 19 наурызда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінен президенттік өкілеттігін тоқтататыны жариялады.

«ҚР Президенті туралы» ҚР Конституциялық Заңының 27-бабы бойынша, президенттіктің қалған мерзіміндегі өкілеті Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтті. Ол 20 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына ант берді.

Кезектен тыс президенттік сайлау 2019 жылғы 9 маусымда өтті. Сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтан басқа тағы алты үміткер қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96% дауыс жинап, жеңіске жеткені хабарланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына алғашқы Жолдауы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталды. Президент азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндетін қойды.

2019 жылғы 6 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Осы отырыста Мемлекет басшысы Ұлттық Кеңестің жұмыс топтары аясында оның Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамаларды егжей-тегжейлі пысықтауды ұсынды. Нәтижесінде Ұлттық кеңестің 67 ұсынысы әзірленіп, ҚР Президенті әкімшілігіне табысталды.


Соңғы жаңалықтар