Қазақстан тауарларын Иранға экспорттау жеңілдейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған келісімге 2018 жылғы мамырда Астана қаласында қол қойылды.

«Бұл келісімді іске асыру отандық тауарларды 80 миллионнан астам халқы бар Иранның перспективті нарығына шығару арқылы олардың экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, осындай келісім экспортты әлемдік нарыққа шығару тетіктерінің бірі болып отыр. Иранмен өзара сауда көлемі 2018 жылы 516 млн АҚШ долларына жетті, оның ішінде 426 млн доллар Иранға бағытталған экспортқа тиесілі. Экспортқа шығарылған негізгі тауарлар арасында арпа, болат, рапс тұқымы, қой еті бар», - деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов

Оның сөзіне қарағанда, келісімге сәйкес, Иран тарапы 864 тауарға қатысты импорттық баж ставкаларын төмендетеді. Иран нарығына ірі қара мал және қой еті, бұршақ дақылдары, өсімдік майы, кондитерлік өнімдер, рельстер, аккумуляторлар, арматура мен құбырлар және басқа да тауарларды жеңілдетілген тариф бойынша әкелу мүмкін болады.

«Бұл тауарлар бүгінде Қазақстанның Иранға экспортының жартысынан астамын алып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ елдері 502 тауар бойынша импорттық баж ставкаларын төмендетеді. Олардың ішінде құрма, жүзім, кондитерлік өнімдер, ыдыс, кілемдер және өзге тауарлар қамтылған», - деді министр.

Келісімді ратификациялау рәсімдерін тараптар аяқтағаннан бастап 60 күннен кейін күшіне енеді. Оның қолданылу мерзімі үш жыл.

«Уақытша келісім ережелері Дүниежүзілік сауда ұйымы нормаларына толық сәйкес келеді», - деді Руслан Дәленов.

Соңғы жаңалықтар