Қазақстан тарихындағы Тайбұға мен Сібір ұлысының рөлі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Ұлы Даланың жеті қыры: Сібір ұлысы және Тайбұға Қазақстан тарихында» атты ғылыми-практикалық конференция басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференция қатысушыларына ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова үндеу жасады. Министр үндеуін Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Әбдуәлиев оқып берді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Рухани жаңғыру және Ұлы даланың жеті қыры, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік бәрінен қымбат мақалалары аясында нақты тапсырмалар беріліп, еліміздің мәдени мұрасына көңіл бөлініп, көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқаны өздеріңізге белгілі. Жалпы, ұлттық тарихымызды зерделеу және оны ары қарай таныту қоғамның тарихи санасын қалыптастыратын стратегиялық өзекті мәселе екені бәрімізге айқын. Қоғамдық сананы жаңғырту, сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» іргелі мақаласын біз халқымыздың және мемлекетіміздің тарихи өткеніне зор көңіл бөлінетінімізді Атырау облысынды өткен конференция, сонымен қатар Жошы хан институтының ашылуы және бүгінгі ғылыми-практикалық конференция көрсетіп отыр», - делінген Ақтоты Райымқұлованың үндеуінде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына өз төңірегіндегі көптеген түркі ұлыстарының тікелей және жанама ықпалы болды.

Бұл ретте, ықпал еткен ірі ұлыстардың бірі – Тайбұға ұлысы және тайбұғалықтар негізін қалаған Сібір хандығы. Тайбұға ұлысы жайлы тарихи деректер отандық тарихшы-ғалымдардың назарын аударып отыр.

«Тайбұға – Керейдің Тұғырыл ханының ұлы Ұйқыдан (кей жерде Үкі деп те жазылады) тараған ұрпағы. Керей мемлекеті ыдыраған кезде, Тұғырыл ханның тағын Шыңғыс хан алды. Қазіргі Төрелер де Шыңғыс ұрпағы емес, Тұғырыл ханның ұрпақтары. Тұғырыл ханның өзі наймандардың қолынан қаа табады. Ал Керей елі бірнеше топқа бөлінеді. Бір тобы Сібірдегі орманның арасына кетеді. Екінші бір тобы оңтүстікке – Талдықорған, Жетісуға қарай кетеді. Бір тобы – Орталық, Батыс Қазақстанға дейін барады, қазіргі Керейіт деп жүргеніміз солар. Көпшілігі басқа көрші халықтардың құрамына сіңіп кетті. Олар қалмақта, татардың ішінде бар, жоңғардың ішіне Торғауыт болып енді, башқұрттың ішінде Гиреево деген 4-5 ауыл бар», - деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы.

А. Күзембайұлы Тайбұғаның – алғашқы Сібір хандарының бірі екенін атап өтті.

«Қайранбай мен Қутемір деген екі батыр, оның біреуі керей, біреуі қыпшақ, Тобыл өзенінің Ертіспен қосылатын жерінде қала салады. Оған Шыңғысхан рұқсат береді. Чинга-тура қаласы осылай салынып, мемлекет құрылады. Әрине, оны қазіргі мемлекеттілікпен салыстыру қиын. Ол кездегі мемлекет үшін – басшы, заң, тұрғындары мен территориясы болса жеткілікті еді. Соның алғашқы ханы – Тайбұға болды. Тайбұғалықтар 100 жылға жақын Сібірді билейді. Осы кезде Шибан әулетінен шыққандар Сібірдегі билікке таласады. Шибандықтардың ең құдіретті өкілі – Көшім хан. Көшім хан қазақ даласынан барған, орыстың авторлары, тіпті Левшиннің өзі Көшімді «из Казахской орды» деп жазады. Тақ таласы 300 жылға созылды. Ақырында «Екі қарға таласса, бір құзғынға жем болады» дегендей, екеуі де Москва патшалығының құрамына кірді. Ал енді Тайбұғаның ұрпақтары қазір қазақтың ішінде де бар, Сібір түркілерінің ішінде де бар, әсіресе Ресейде көп. Қазір Тайбұғаны да білетіндер аз, кеңес уақытында бұл тарих оқытылған жоқ. Тәуелсіздік алған соң да жекелеген тарихшылар зерттемесе, көңіл аударып жатқандар жоқ», - дейді А. Күзембайұлы.

«Тайбұға хан – қазақ мемлекеттілігін құруға үлкен үлес қосқан атақты қолбасшылардың бірі. Оның тарихы еліміздің тарихымен тығыз байланысты. Тайбұға хан – Бату ханның ұлы жорықтарына қатысушылардың бірі, Шыңғысхан мен Жошы хан замандасы, болған, Алтын Орда сынды үлкен бірлестіктің тірегі болған. Өкінішке орай, тарихта басты назар Алтын Ордаға қатысты зерттеуге аударылды», - деді «Алтын орда» халықаралық бизнес-клуб» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мархабат Балғабай.

«Сібір хандығының негізін қалаушы Тайбұға тарихын зерттеу бойынша терең зерттеулерді бастаған ғалымдарға алғыс айтқым келеді, Сібір хандығының аумағы толығымен кеңейтіліп, біздің елімізді де қамтыған. Қазіргі уақытта бұл аумақтың кімнің меншігінде екені, оның негізгі көздері, қайда және кімнің басқарғаны, қандай аумақтардың тиесілі болғаны туралы көптеген пікірталастар бар», - дейді М. Балғабай.

Өз кезегінде «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының төрағасы Асылхан Игібаев Сібір хандығының бөтен жұрт еместігін айтты.

«Кеңес кезеңінде тарихымыз бұрмаланып, қайта жазылды. Қазір тәуелсіздігіміздің арқасында бірталай тарихи шындықтарға көзіміз жетті. Бүгінгі қозғалып отырған конференциядағы Сібір хандығы қазақ халқы үшін бөтен жұрт емес. Ол хандықтың да құрамы біздегідей арғын, найман, қыпшақтардан тұрған. Осыған қарап, кеңестік саясаттың кесірінен біз тағы бір тарихымыздан айырылып қала жаздағанымызды көре аламыз. Сібір хандығы біздің ажырамас бөлігіміз, туыстас қандастарымыз, - деді ол.


Соңғы жаңалықтар