Қазақстан тарихында әлем чемпионы атанған боксшылар кімдер

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Санаулы күннен кейін Өзбекстан астанасына төрткүл дүниенің кіл мықты боксшылары жиналып, әлем чемпионатының медальдарын сарапқа салады. Олардың қатарында қазақ боксшылары да бақ сынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған сында ел намысын кімдер қорғайтынын бұған дейін жазған болатынбыз.

Осы орайда, әлем біріншіліктерінде қазақ боксшыларынан кімдер чемпиондық тұғырдан көрінгенін еске сала кетуді жөн санап отырмыз.

Әуесқой бокстан ересектер арасындағы әлем біріншілігі 1974 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін отандастарымыз Кеңес одағы құрамасының сапында шаршы алаңға шығып келгенін жақсы білеміз.

Ал егемендік алғаннан кейін ел атынан шыға бастадық. Алғаш рет алтын алған отандасымыз – Болат Жұмаділов. Ол 1999 жылы Хьюстондағы (АҚШ) турнирде 51 келі салмақта топ жарды.

2003 жылы Бангкокта өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 «алтын» алды. Оның бірін 57 келі салмақта Галиф Джафаров жеңіп алса, екінші алтынды 75 келі салмақта Геннадий Головкин қанжығасына байлады.

2005 жыл ы Мяньян дағы (Қытай) біріншілікте қазақ боксшыларына тағы 2 алтын медаль бұйырды. Оның біріншісін 64 келі салмақта Серік Сәпиев жеңіп алса, екіншісін 81 келі салмақта Ердос Жаңабергенов иеленді.

Чикагодағы 2007 жылғы чемпионат Серік Сәпиев тағы да жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрініп, екі дүркін әлем чемпионы атанды.

2013 жылы әлем чемпионаты елімізде нақтырақ айтсақ, Алматы қаласында өтті. Аталған додада отандастарымыз 4 «алтын» жеңіп алды.

Олар: 49 келі салмақта Біржан Жақыпов, 64 келі салмақта Мерей Ақшалов, 69 келі салмақта Данияр Елеусінов және 75 келі салмақта Жәнібек Әлімханұлы ел мерейін асырып, алтыннан алқа тағынды.

2019 жыл ы әлем чемпионаты Екатеринбург (Ресей)қаласында өтті. Онда 81 келі салмақта Бекзат Нұрдәулетов чемпион атанды.

2021 жылы Белград (Сербия) қаласында жалауы желбіреген біріншілікте қазақ боксшыларынан 2 чемпион шықты.

Олардың бірі – 48 келі салмақта ел намысын қорғаған Теміртас Жүсіпов болса, екінші жүлдені 51 келі салмақта Сәкен Бибосынов жеңіп алды.

Енді, Ташкент төрінде 1-14 мамыр аралығында өтетін кезекті әлем чемпионатында жеңіс тұғырының ең биік сатысына кімдер көтерілетінін алдағы уақыт көрсетеді. Біз жерлестерімізге тек сәттілік серік болсын деп тілейміз...


Соңғы жаңалықтар