Қазақстан сыртқы сауданың 40 пайызын Еуропалық Одақпен жасайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропалық Одақ Қазақстан азаматтары мен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынастың цифрлық деңгейге толықтай көшуін қолдайды. Еуропа Одағының Қазақстандағы әріптестік өкілдігінің басшысы Йоханнес Стенбек осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық Азиядағы Еуразия қоры Еуропалық Одақтың қолдауымен «Сіздің даусыңыз маңызды. Технология арқылы азаматтардың шешім шығаруға қатысуы» атты жобаны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге іске асырып жатыр.

Осы жұмыстың барысы баспасөз брифингінде талқыланып, 20-35 аралығындағы жастар мен жасы 20-дан асқан әйелдердің азаматтық технологиядағы тәжірибесі туралы мәлімет берілді.

«Еуропалық Одақ тоқсаныншы жылдардан бері Қазақстанның жақын әріптесі болып келеді. Бүгінде Еуропалық Одақ Қазақстанның ірі инвесторы әрі негізгі сауда серіктесі саналады. Қазақстанның сыртқы саудасының 40 пайызы Еуропалық Одаққа тиесілі», - деді ұйым өкілі.

Оның айтуынша, Қазақстан кейінгі 30 жылда түрлі өзгерістерді бастан өткерген.

«Еуропалық Одақ Орталық Азияның өзге елдерімен бірге әрекет ету ісінде Қазақстанмен жаңаша тәсілдер арқылы жұмыс істей алады. Біздің қарым-қатынасымыз қазіргі кезеңде кеңейтілген әріптестік пен серіктестік келісіміне негізделген. Ол келісім 2020 жылы заңды күшіне енген. Құжат 29 саяси бағытты қамтиды. Оның ішінде саяси диалог, демократия, адам құқықтары, қоғамды ақпараттандыру, экономиканы орнықты дамыту сияқты бағыттар бар», - деді Йоханнес Стенбек.

Сондай-ақ, ол Еуропалық Одақ Қазақстанның цирфлық реформалар мен цифрлық трансформация бағытындағы бастамаларын қолдайтынын айтты.

«Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы күшті тиімді мемлекет етіп құру үшін жастар мен әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту қажет. Олардың қолында азаматтық технологиялар, тиісті білім мен цифрлық қабілет болса, нағыз көшбасшыға айнала алады. Бұл жобаны іске асыра отырып біз Қазақстанға заманауи мемлекет құру мәселесінде көмектесеміз. Қазақстандағы қаңтар оқиғасы саяси реформаны шұғыл арада жалғастыру қажеттігін көрсетті. Билік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруы керек. Біз Қазақстан Президентінің демократияландыру мен орталықсыздандыруға бағытталған реформалар пакетін бастама етіп көтерген үндеуін жылы қабылдап отырмыз», - деді спикер.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаның Еуропалық одаққа мүше болу мүмкіндігіне пікір білдірген еді.


Соңғы жаңалықтар