Қазақстан Сыртқы істер министрі АҚШ Әкімшілігі өкілдерімен кездесті

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ Әкімшілігінің өкілдері - АҚШ Президенті көмекшісінің орынбасары және Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша аға директоры Лиза Кёртис және АҚШ Мемлекеттік хатшысының Экономикалық өсу, энергетика және қоршаған орта жөніндегі орынбасары Кит Кракпен жеке-жеке кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Лиза Кёртиспен кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың даму қарқынына қанағаттанушылық білдірді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтар айындағы Вашингтонға сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыру және ҚР мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі ілгерілету мәселелері талқыланды. М. Тілеуберді Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясаттың сабақтастығы мен реттілігін жалғастыратынын және көптеген мәселелер бойынша АҚШ-пен стратегиялық әріптестікті нығайтуға ниетті екенін атап өтті. Оған қоса ол республикамызда болып жатқан қазіргі демократиялық өзгерістер туралы кеңінен таныстырып өтті.

Л. Кёртис өз кезегінде АҚШ Қазақстанның Ауғанстанды қолдау мен дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті. Қазақстанның халықаралық және өңірлік қауіпсіздікке, соның ішінде өз азаматтарын Сириядағы әскери іс-қимыл аймақтарынан қайтару арқылы қосқан үлесін туралы ерекше айтылды.

К. Кракпен кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне баса назар аударылды. СІМ басшысы Президент Қ. Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында айтылған Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік саласын әрі қарай дамыту жөніндегі міндеттер туралы хабардар етті.

Америкалық дипломат ҚР Үкіметінің елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, оның ішінде заңның үстемдігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және т. б. арқылы күш-жігерін қолдады.

Министр Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі АҚШ екенін атап өтіп, ҚР экономикасындағы америкалық капитал салымдарын әртараптандыру қажеттілігіне назар аударды.

Сол күні ҚР Сыртқы саяси ведомствосының басшысы өзінің аустриялық әріптесі – Еуропа, интеграция және сыртқы істер федералдық министрі Александр Шалленбергпен келіссөздер өткізді. Тараптар екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға жоғары деңгейде өзара сапарлар беретімен келісті.

Аустриялық министр Қазақстанмен жаңартылатын энергия мен цифрландыру салаларын қоса алғанда, түрлі салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға өз елінің мүдделілігін білдірді.

Кездесу соңында тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара бейілділігін растады.


Соңғы жаңалықтар