Қазақстан суицидпен күресте бірнеше саланың басын біріктірді - шетелдік сарапшы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан жасөспірімдер арасындағы суицидпен күресуде жетістіктерге жетті. Бұл туралы Еуропалық психиатриялық қауымдастықтың Суицид және суицидтің алдын алу бөлімінің жетекшісі Марко Саркьяпоне айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда әлемдегі ең өзекті тақырыптың бірі - жасөспірімдер арасындағы суицид тақырыбына арналған халықаралық конференцияның екінші күнгі жұмысы жалғасып жатыр. 

Италиялық профессор, Еуропалық психиатриялық қауымдастықтың Суицид және суицидтің алдын алу бөлімінің жетекшісі  Марко Саркьяпоне Қазақстандағы жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайту және суцид жасаудың алдын алу тақырыбында сөз қозғады.

«Мен Қазақстанда тренингтер өткізіп келемін. Осыдан бірнеше жыл бұрын дәрігерлер немесе психиаторлар суцид тақырыбы біздің міндет емес деп жауапкершіліктен қашатын. Қазір тренингтерге қатысушылардың көзқарасы мен қоятын сұрақтары өзгерді. Олар қазір «бұдан қалай бірігіп құтыламыз?» деген мәселені жиі ортаға салатын болады», - дейді шетелдік ғалым.

Италиялық профессор суцид мәселесінде Қазақстан бірнеше саланың басын біріктіргенін айтты.   

«Біз Қазақстан суцид тақырыбы бойынша 2012 жылы жұмысымызды бастадық. Бүгінгі таңда аталған індеттің алдын алуда Қазақстан жеткен жетістіктер бар екенін атап өткім келеді. Суцид - мұзтаудың тек көрініп тұрған бөлігі. Оған себеп болатын бірнеше факторлар бар екені белгілі. Қазақстан жасөспірімдер арасындағы суцид бойынша бұрынғыдай үшінші орында емес. Бұл -   жасалған жұмыстардың нәтижесі. Ең бастысы, Қазақстан бұл індетпен күресте бірнеше саланың басын біріктіре алды. Яғни, Қазақстанда білім, медицина, психиатрия саласы суцидпен бірлесіп күресіп жатыр», - деді ол.

Айта кетейік, аталған халықаралық конференция жұмысын кеше, 19 қаңтарда бастаған болатын. Осыған дейін, баяндама жасаған Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, ҰР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева елімізде былтыр өзіне қол салмақ болған 114 бала құтқарылғанын айтып, тақырыптың өзекті екенін назар аудартқан болатын.

Шетелдік мамандардың айтуынша, жыл сайын әлемдегі жасөспірімдердің 10%-ы дене мүшелерін зақымдайды екен.  Соның кесірінен 67 000 жасөспірім  көз жұмады.

Соңғы жаңалықтар