«Қазақстан су жолдары» басшыларының бірі жемқорлық күдігіне ілінді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Қазақстан су жолдары» РМҚК басшыларының біріне қатысты тергеуді бастады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттіктің ресми өкілі Жанна Бастарованың айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Павлодар облыстық департаменті «Қазақстан су жолдары» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директорының орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр.

«Ол «Қазақстан су жолдары» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Павлодар филиалы басшысынан 1 миллион теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінді. Тергеу жалғасуда», - деді Ж.Бастарова Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, бүгінгі брифингте агенттік өкілдері бірнеше видеоны жариялады. Мәселен, Алматы облысы Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары өз кабинетінде парамен ұсталды. Ал Ақтөбе қаласында үш полицей бір азаматтың ұлын қылмыстық жауапкершілікке тартпағаны үшін 300 мың теңге сомасында пара алған. Олар заңсыз ақша алу үстінде қолға түсті.

Соңғы жаңалықтар