Қазақстан су ресурстарының 44 пайызын трансшекаралық өзендерден алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, әлемде 68 мемлекет су дефицитін бастан кешіріп отыр. Соның ішінде Қазақстан да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның су ресурстары және елді су қауіпсіздігімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Сенатта баяндама жасаған Қайрат Қожамжаров әлемдік ресурстар институтының зерттеуі бойынша, су жеткіліксіз аумақта бүкіл әлемде 2 млрд адам тұрып жатқанын атап өтті.

«68 мемлекет су тапшылығын ерекше бастан кешіріп отыр. Соның ішінде Қазақстан да бар. География институты республиканы сумен қамту деңгейінің төмендеп бара жатқанын хабарлайды. Егер 1960 жылдары республикада судың жиынтық ағыны 120 текше шақырымды құраса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 101-ге дейін төмендеген. 2020 жылы өзен ағыны 80-ге дейін, ал 2030 жылы тағы да 72 текше шақырымға азаятыны болжанып отыр. Бұған қоса халық мен экономиканың барлық саласының суға деген сұранысы артып барады», - деді сенатор.

Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, Бүкіләлемдік банк 2050 жылы аймақтағы елдерде су тапшылығы салдарынан жалпы ішкі өнім 6 пайызға азаятынын болжаған.

«Қазіргі таңда су ресурстарының 55 пайызын ғана Қазақстан өз аумағынан пайдаға жаратып отыр. Қалған 44 пайызын трансшекаралық өзендер арқылы алады. Мұндай жағдайда жерасты суларының маңызы арта түседі. Осыдан 350 жыл бұрын Қазақстандағы жер асты су қорына жоғары баға беріліп қойған. Бірақ, бұл ретте жаңа дәуірде жер асты суларының халықаралық қорының болжамды балансы есептелмеген. Ескі гидрологиялық түсірілімдер қазіргі ақпараттық талапқа сай келмейді. Зерттелген кейбір аумаққа құрылыс салынып кеткен. Кейбірі санитарлық талаптарға сай келмейді», - деді ол.

Сенатор Қазақстанның суды үнемдеп пайдалану жағынан барынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтып өтті.

«Алайда суды жоғалту көлемі 40 пайызды құрап тұр. АҚШ-та суды жоғалту деңгейі 11 пайызды, Ресейде 21 пайызды, Ұлыбританияда 23 пайызды көрсеткен», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар