Қазақстан спортшылары халықаралық жарыс алдында психологиялық дайындықтан өтетін болды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда алғаш рет спортшыларды халықаралық жарыстарға психологиялық дайындау мәселесіне арналған конференция өтті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Спортты дамыту дирекциясынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараға қатысуға 150-ден астам адам ниет білдірген, олардың арасында бапкерлер, спортшылар, ұлттық құрамалардың дәрігерлері және осы саланың өзге де қызметкерлері бар.

Әзербайжан мемлекеттік спорт және дене шынықтыру академиясының спорт психологиясы бойынша окытушысы, психолог Нармин Ахмедзаде Астанаға арнайы келіп, өз тәжірибесін ортаға салды.

«Былтыр ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Спортты дамыту дирекциясына федерацияның бас бапкерлері есеп берген болатын. Отырыста алдағы жылға арналған жоспарлар талқыланып, отандық спортқа психология саласы жетіспейтіні белгілі болды. Болашақта бұл жұмыс тығыз және жемісті жүргізілуі керек. Биыл бізді 6 кешенді жарыс күтіп тұр, олардың ішінде ең бастысы Қытайдағы жазғы Азия ойындары. Бүгінгі арнайы қонағымыздың келуі Париж-2024 Олимпиадасының дайындығына зор ықпал тигізеді», - деді Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов.

Екі күнге созылған бас қосу барысында жарыс кезінде атлеттерді қалпына келтіру, психология негіздеріне арналған заманауи әдістер туралы әңгіме өрбіді.

Конференция соңында келешекте бірлесіп атқаратын жұмыстарға ұсыныстар қарастырылып, ортақ шешімдер нақтыланды.


Соңғы жаңалықтар