Қазақстан Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жеткізді

None
АЛЕППО. ҚазАқпарат - Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (IOFS) қолдауымен жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ұйымға сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Қазақстан мемлекеттік резервтен консервілер, жылы киім, қысқы шатырлар, төсек-орын және төсек жабдықтарын жөнелтті. Гуманитарлық көмек Алеппо қаласына Қазақстан Ұлттық гвардиясының төрт рейсімен жеткізіледі.

IOFS бас директоры Ерлан Байдәулет Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүктің жеткізілуін бақылау үшін Сирияға өзі аттанды.

Жүкті тапсыру рәсіміне Алеппо губернаторының орынбасары Абдель Кадер Даваалиби, Алеппо әуежайының директоры Мұхаммед әл-Масри, Сирия Қызыл Жарты ай ұйымының өкілдері Самир Шубуки, Ахмад Самун, Анас Самаа, сондай-ақ Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы қатысты.

Қабылдаушы елдің атынан сөз алған Алеппо губернаторының орынбасары Абдель Кадер Дауаалиби Қазақстан халқына шексіз алғысын білдірді. Оның айтуынша, қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созып, көмек көрсеткен қазақ халқы ешқашан ұмытылмайды.

«Сирия, Түркия және басқа да елдерде жер сілкінісінен зардап шеккендердің отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Біздің команда жағдай тезірек шешіледі деп үміттеніп, ержүрек құтқарушыларға қажырлы еңбегі үшін шын жүректен алғыс білдіреді», - деді IOFS бас директоры Е. Байдәулет.

Бұған дейін Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жібергені хабарланған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Сирияға гуманитарлық көмек көрсетуді тапсырған болатын.

Еске салсақ, Түркияда 6 ақпанда жеті балдан асатын екі жер сілкінісі болды (жергілікті уақыт бойынша 4:17-де – 7,7 балл және 13:24-те – 7,6 балл). Жүздеген афтершокпен жалғасқан жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда сезілді.

Фото: iofs.org.kz


Соңғы жаңалықтар