Қазақстан СІМ басшысы Орталық Азия Сыртқы істер министрлерімен кездесті

None
None
САМАРҚАН. ҚазАқпарат - 13 қаңтар күні Қазақстанның Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Ауғанстанның қатысуымен өткен «Үндістан - Орталық Азия» диалогы шеңберінде бірқатар елдің Сыртқы саясат ведомство басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Б.Атамқұлов алдымен Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен кездесті. Тараптар екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеёвтің арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

«Біздің Мемлекет басшысы аймақтық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Біздің елдеріміз Орталық Азияның интеграциялық үдерістерінде маңызды рөл атқарады. Біз Өзбекстанмен екіжақты қарым-қатынасты одан әрі алға жылжыту үшін барлық күш-жігерімізді саламыз», - деді Қазақстан СІМ басшысы.

Б. Атамқұлов бүгінгі таңда екі елдің іскерлік топтары үшін қаржы қызметтері, өңдеу және азық-түлік өнеркәсібі, сондай-ақ сандық индустрия сияқты жоғары тиімді салаларда өзара ынтымақтастықты орнату үшін қолайлы жағдай жасалатынын атап өтті.

Қазақстан Сыртқы істер министрі өзбек тарапына өңірлік сипаттағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін осындай диалог алаңын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.

Сұхбаттастар 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылының табысты өткізілуін және 2019 жылы Өзбекстандағы Қазақстан жылының аясындағы іс-шаралардың басталуына белсенді дайындық жөнінде айтты.

Б. Атамқұлов сондай-ақ Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Чингиз Айдарбековпен кездесті. Оның баарысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, су-энергетикалық сектор, аймақтық және трансшекаралық ынтымақтастық, сондай-ақ екі мемлекет басшылары Н. Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.



Басты назар экономикалық ынтымақтастыққа берілді. Министрлер өзара сауда-саттықты ұлғайтуға және оның құрылымын әртараптандыруға, экономиканың әртүрлі салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған бірқатар іс-шаралардың орындалуына байланысты өзара ниет білдірді.

Халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша екі ел ұстанымдарының үйлестігі мен ұқсастығын атап өткен министрлер халықаралық ұйымдар аясындағы белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді.

Осы күні сонымен қатар Б. Атамқұлов Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары-Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен кездесті.

Кездесу барысында аймақтық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар, саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынас мәселелері талқыланды.

Тараптар қазақстан-түрікмен өзара тиімді ынтымақтастықтың ілгері дамуын қанағаттанарлықпен атап өтті. Сауда-экономикалық әріптестікті күшейту қажеттігіне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда тараптар Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиясының алдағы кезекті отырысының күн тәртібіне енгізу үшін ұсынылған бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.

Сыртқы саяси ведомстволарының басшылары екі елдің мәдени-тарихи және тілдік ортақтығы мәдениет, өнер, ғылым, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге жақсы негіз болып табылатынын келісті. Осыған байланысты қазақстандық тарап түрікмен тарапын Түрікменстандағы Қазақстан күндерін сәтті өткізуде көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Бұдан бөлек, Б.Атамқұловтың Тәжікстан Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен кездесуінде Қазақстан-Тәжікстан қатынастарының жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ алдағы іс-шаралар жоспары талқыланды.



Тараптар екі жақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

С. Мухриддин Қазақстанға Тәжікстанның дамуына көрсетіліп жатқан көмек пен қолғабысқа алғысын білдірді. Қазақстан-Тәжікстан мемлекетаралық қатынастар стратегиялық серіктестіктің жоғары рухына сай келетіні аталып өтілді.

Соңғы жаңалықтар