Қазақстан СІМ баспасөз қызметі Солтүстік Корея ұшырған зымыранға пікір білдірді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Корея Халық Демократиялық Республикасының зымыран ұшыруына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуалдың дамуын мұқият қадағалап отыр. Ядролық қаруды сынау және баллистикалық зымырандарды ұшыру ядролық қарусыздану процесіне теріс әсер етеді және аймақтық әрі жаһандық ауқымда қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Ядролық қарусыз мемлекет ретінде ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылған Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруды таратпаудың халықаралық режимін қатаңдатуды дәйекті түрде жақтайды» делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, бүгін, 31 мамыр таңертең Солтүстік Корея өзінің алғашқы ғарыштық спутнигін орбитаға шығару үшін баллистикалық зымыран ұшырғаны хабарланған еді.

Қазақстан КХДР зымыранының кезекті ұшырылымын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын бұзу ретінде қарастырады.

«Солтүстік Корея билігін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз» дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанға ресми сапармен келген Оңтүстік Корея сыртқы істер министрі баллистикалық зымыран ұшырған Солтүстік Кореяны айыптаған болатын.


Соңғы жаңалықтар