Қазақстан ШЫҰ елдерін жаңартылатын энергия көздері аукциондарына қатысуға шақырды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Энергетика саласындағы практикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мемлекеттеріне жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) бойынша аукциондарға қатысуды ұсынды.

Бұл туралы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің кеңесінде ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков мәлімдеді, деп хабарлады ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

«Қазақстан климаттың өзгеруі жөніндегі Париж келісімі аясында 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15% -ға қысқарту бойынша міндеттемелерді қабылдады. Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі жөніндегі бекітілген тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай ЖЭК үлесі электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің кемінде 15% -ына жетуі тиіс, ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 50%-ға жетуі керек», - деді Мұрат Жүребеков.

Ол әріптестерін 2018 жылдан бастап Қазақстанда қолданылатын ЖЭК жобаларын іске асыру бойынша ашық халықаралық аукциондық сауда-саттық тетігі туралы хабардар етті. Бұл жобалар мен инвесторларды іріктеу процесін ашық және түсінікті етуге және неғұрлым тиімді технологиялар мен жобаларға сүйенуге мүмкіндік берді. Осы кезеңде жалпы қуаты 1700 МВт болатын электрондық форматта аукциондар өтті. Осы жылдар ішінде сауда-саттыққа әлемнің 12 елінен 200-ге жуық компания қатысты.

«Барлық мүдделі тараптар арасындағы практикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында біз ШЫҰ мемлекеттеріне Қазақстан аумағындағы ЖЭК аукциондарына қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», - деп мәлімдеді қазақстандық делегация басшысы.

Іс-шараға Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей және Тәжікстанның энергетика саласының басшылары қатысты.

Министрлік кеңестің қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасын іс жүзінде іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ЖЭК пайдалану саласындағы ынтымақтастық бағдарламасының жобасы мақұлданды.


Соңғы жаңалықтар