Қазақстан Швециямен ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету тәжірибесімен бөлісуге дайын - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Швеция Корольдігінің Сыртқы істер министрі Анна Кристен Линдемен келіссөздер жүргізді. Телефон арқылы сөйлесу Швед тарапының бастамасымен өтті. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР СІМ-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Министр әріптесін Швецияның ЕҚЫҰ-ға алдағы төрағалық етуімен құттықтап, қазақстандық тараптың ұйымға төрағалық ету тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Швед тарапы ЕҚЫҰ-ның болашақ іс-шараларының күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қызығушылық танытты.

Жалпы, СІМ басшылары басқа да халықаралық алаңдардағы, оның ішінде екі елдің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігінің тұспа-тұс келген кезеңіндегі саяси өзара іс-қимылдың оң тәжірибесін атап өтті. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісімді іске асыру аясында белсенді өзара іс-қимыл жасауға дайын екендіктерін білдірді.

Инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту қажеттігі тұрғысынан министрлер екі ел бизнесінің энергетика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, денсаулық сақтау және кен өндіру саласында ынтымақтастықты жолға қоюға өзара қызығушылығының өсіп келе жатқанын атап өтті.

Тараптар, сондай-ақ, білім беру және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін растады.



Соңғы жаңалықтар