«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен»: 36 елдің тілшілері қатысқан байқау қорытындыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігі және Бас редакторлар клубы еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» VI халықаралық байқауының бес жеңімпазын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұйымдастырушы комитеттің қарауына 36 мемлекеттегі авторлардан 60 өтінім келіп түсті.

СІМ мәліметінше, байқауға қатысушылардың жұмыстары экономика, саясат, халықаралық қатынастар, мәдениет, туризм, денсаулық сақтау, спорт, қарусыздану, жаңғырмалы энергия, Ұлы Абай және әл-Фараби мұралары сияқты Қазақстанға қатысты кең ауқымды тақырыптарға арналды. Материалар газеттерде, журналдарда, онлайн БАҚ-тарда, телеарналарда, подкастар мен өзге де танымал блог-платформаларда жарияланған.

Жалпы алғанда, ұйымдастырушылардың пікірінше, байқауға шетелдік журналистердің белсенді қатысуы шетелдік БАҚ-тың Қазақстанға деген қызығушылығының жоғары екендігін айғақтайды.

Келіп түскен өтінімдерді қарау нәтижесінде әділқазылар алқасы келесі жеңімпаздарды анықтады:

- ТМД және Балтық елдерінен үміткерлердің арасында журналист Николай Жуковтың (Литва) «Kauno Diena» газетінде жарияланған «Қазақстан бір жыл ішінде биліктің эволюциялық сабақтастығының өзіндік үлгісін көрсетті» атты мақаласы үздік деп таңдалды.

- Цолмон Бат-Эрдэнэнің (Монғолия) «MNB Mongolian National Broadcaster» телеарнасында жарық көрген «37 шақырымдағы 37 жылдық жоспары бар көрші» атты бейнематериалы мен мақаласы Азия және Тынық мұхит аймағының елдерінен келіп түскен өтінімдердің ішінде үздік деп танылды.

- Пәкістандық автор Мехмуд Уль Хассан Ханның «Islamabad Post» және «DNA News» басылымдарында жарық көрген Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалардың өзекті мәселелеріне және Абай Құнанбайұлының рухани мұрасына арналған мақалалары Таяу Шығыс және Африка өңірінен келіп түскен үздік материал болып танылды.

- Оңтүстік және Солтүстік Америкадан келіп түскен ұсыныстар арасынан үздік материал ретінде «Канаданың біріккен қауымдастықтары» ҮЕҰ мен тележурналист Инга Керней-Келнер бірлесе дайындаған «Қазақстан канадалықтар көзімен» атты бейнематериал іріктелді.

Бұған дейін аталып өткендей, байқау жеңімпаздары Қазақстанға сапармен келу мүмкіндігіне ие болады. Сапар аясында олар Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістан қалаларына, «Бурабай» демалыс аймағына барып, еліміздің табиғи және мәдени нысандарын аралайды, белгілі журналистер, дипломаттар және қоғам қайраткерлерімен кездесе алады.


Соңғы жаңалықтар