Қазақстан шетелдегі күдіктілерді ұстау келісімін 4 елмен бекітпек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы адамдарды ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан мен Иордания арасындағы аталған келісімге 2017 жылдың 1 қарашасында Астанада қол қойылды.

Келісім әрбір уағдаласушы мемлекеттің өз аумағында жүрген, яғни ұстап беруге әкелетін қылмысы үшін сұрау салушы тараптың аумағында қылмыстық қудалау немесе сот үкімін орындау мақсаттарында іздеу салынған адамды ұстап беруіне бағытталған. Құжатта ұстап беру және одан бас тарту үшін негіздер ескерілген.

«Қазіргі кезде Иордания аумағында Қазақстанның сот төрелігінен жасырынып жүрген адамдар жоқ, сондай-ақ иорданиялық билік тарапынан біздің елде іздестіріліп жатқан азаматтар тіркелмеген. Жалпы, бүгінде Қазақстан алыс шетел елдерімен осындай екіжақты 19 келісімді бекітті», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин.

Оның сөзіне қарағанда, таяу уақытта еліміз аталған халықаралық келісімдерге Македония, Малайзия, Куба және Грекиямен арада қол қоюды жоспарлап отыр.

«Экстрадиция мәселелеріне 2019 жылға мемлекеттік бюджеттен 15 млн теңге бөлінді. Атап айтқанда, осы бағытта қосымша қаржы шығындары қажет болмайды», - деді А. Лукин.

Соңғы жаңалықтар