Қазақстан шенеуніктерінің жемқорлыққа қаншалықты жақын екені тексеріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзімділігі мен тұрақтылығына тексеру жүрмек. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат қызметінің 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Оның аясында парақорлықты азайту мақсатында шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа төзбеуіне, тұрақтылығына тексеру (integrity check) жүргізу жоспарланып отыр. Бұл адал емес қызметкерлерді уақтылы анықтауға және жұмыстан босатуға мүмкіндік береді», - деді Марат Ахметжанов брифингте.

Сондай-ақ ведомство басшысы аталған тұжырымдама аясында министрлер мен әкімдерді бағалау жүйесі де қарастырылғанын тілге тиек етті.

«Адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасап, мемлекетке зиян келтіргенін күтпей-ақ, заңды тәртіптік шаралар арқылы шығынсыз, түбегейлі жоюға болады. Мұндай шаралар мемлекеттік қызметке баю үшін келуді тоқтатып, ұзақ мерзімді келешекте парасатты кәсіби ұрпақ қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, біздің агенттік қоғам үніне құлақ асу үшін жемқорлықпен күрестің ұлттық индексін бекітуді ұсынып отыр. Шенеуніктер мен қызметкерлерді тексеру, бағалау жүйесі жобалық негізде енгізілетін болады», - дейді ол.

Бұған дейін М. Ахметжанов қазақстандық шенеуніктердің жемқорлық жасаудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолданатынын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар