Қазақстан шекарасының 16 пайызы ғана техникалық күзет жабдықтарымен жарақталған

None
Фото: podrobno.uz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан шекарасының 84 пайызы ешқандай техникалық жабдықсыз, әскермен ғана күзетіледі. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Сенат кулуарында осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз тәуелсіздік алған кезде Кеңес Одағынан қалған, Шығыс шекара округіндегі 6 шекара жасағы Қытаймен шекараның 1700 шақырымын күзетіп тұрды. Бізге осы 1700 шақырым шекараны күзетіп тұрған 6 жасақпен Қазақстан Республикасының бүкіл периметрін жабу туралы пәрмен түскен еді. Біз бүкіл шекараны белгілеп, бақылау жүргізу үшін осы құраммен шығуға мәжбүр болдық. Яғни, күзетілетін шекара ұзындығы 9 есе ұлғайды. Қазір шекарамыздың ұзындығы 15 132 шақырым екенін білесіздер. Кей тұстарда демаркация әлі жүріп жатқандықтан аздаған өзгеріс болуы мүмкін. Біз басында ешбір жабдықталмаған орындарға келдік. Ол кезде әкімдіктер бөлген ғимараттарда отырдық. Яғни түрлі сипаттағы қолданысқа бейімделген ғимараттар еді. Кейін біртіндеп инфрақұрылымды жетілдіру, штат санын көбейту жұмыстары басталды», - деді ол.

ҰҚК өкілі норматив бойынша шекараны күзететін штат саны қазіргіден бірнеше есе үлкен болуы керек екенін айтады.

«Осы штат санын адаммен жаппау үшін техникалық жарақтандыруды жетілдіруіміз керек. Сенат отырысында депуттардың сұрағына жауап берген кезде айттым. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы шекарасының 16 пайызы ғана шекараны күзететін техникалық жабдықтармен жарақталған. Бұл өте аз екенін түсінетін шығарсыздар. Негізінен бұл Қытай бағыты. Қалған шекарамызды тек адамдар күзетіп тұр. Бұл проблеманы бәрі біледі. Ақша біртіндеп бөлініп жатыр. Өйткені қажеттілік өте үлкен. Оның сомасын айтқым да келіп тұрған жоқ», - деді Шекара қызметінің директоры.

Сондай-ақ, Ерлан Алдажұманов мемлекеттік шекараның әр шақырымын арнайы инфрақұрылыммен жабдықтау үшін қанша қаражат керек екенін айтты.

«Экономикалық ахуалды білеміз, сондықтан бөлініп жатқан ақшаны қанағат тұтамыз. Ең бастысы сол ақшаны тәртіппен игеру керек. Сіздер түсіну үшін мысал келтірейін. Бір шекара заставасы стандарт бойынша 20 шақырым шекараны күзетеді. Осындай ұзындықтағы мемлекеттік шекараны қажетті теникалық құралдармен, инфрақұрылыммен жабдықтау үшін 2,9 млрд теңге керек. Бұл өте көп ақша. 20 шақырымға осынша керек болса, бізде жалпы шекараның ұзындығы 15132 шақырым», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар