Қазақстан ресурстық экономикадан инновациялық модельге ауысады – Экология министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық жасыл технологиялар орталығында «Жасыл» экономика және ең озық қолжетімді технологиялар қағидаттарына көшу мәселелері» атты ІІ халықаралық конференция басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің дәстүрлі жиынға жаңа қатысушылардың қосылғаны қуантады. Бұл экологиялық мәселелерге бей-жай қарамайтындардың қатары артқанын көрсетеді. Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтың толыққанды қатысушысы бола отырып, кедейлікті жоюға, теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы күреске және климаттық өзгерістер проблемалардын шешуге бағытталған тұрақты дамудың 17 мақсатын қамтитын 2030 жылға дейінгі күн тәртібінде қойылған міндеттерді орындау бойынша бірқатар міндеттеме қабылдады», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов конференцияның ашылу салтанатында.

Спикер Қазақстанның Еуразия құрлығының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Қазақстанның жер көлемі, климаттық жағдайының алуан түрлілігі, өңірдегі су теңгерімінің ерекшеліктері тұтас Еуразия аумағындағы экологиялық ахуалға ықпал етеді.

«Қазақстанның алдында тұрақты, теңгерімді, «жасыл» өсімге қол жеткізу жөнінде ауқымды міндет тұр. 2050 жылға қарай еліміз ресурсқа бағдарланған экономикадан анағұрлым таза, инновациялық және әртарапты модельге ауысу арқылы әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіруге ұмтылуда. Бұл үшін мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, экономиканың ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, экологияға бағдарланған дамуға көмектесетін қайта құрулар қажет. Ұлт көшбасшысы белгілеп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырған «жасыл» бағыт мемлекеттік реформалар үшін бағдар қызметін атқарады. Дамудың экономикалық, экологиялық, әлеуметтік және саяси факторларын біріктіріп, Қазақстан халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған біртұтас процесс ретінде қаралуы керек», - деді А. Пірімқұлов.

Сонымен бірге, вице-министр экологияның шегі мен ұлты болмайтынын, сондықтан тек үйлесімді, бірлескен күш-жігермен ғана айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізетіндерін еске салды.

«Біздің бүгінгі кездесуіміз экологиялық сананың, экологиялық сананы реформалаудың қажетті және міндетті екенін түсінуге жасалған тағы бір қадам болады деп үміттенемін», - деді Ахметжан Пірімқұлов.

Айта кетейік, конференцияның басты спикерлері ретінде қазақстандық сарапшылар және Ластанудың алдын алу және бақылау жөніндегі Еуропалық кешенді бюроның басшысы Серж Роудие, БҰҰ ЭСКАТО Қоршаған орта және даму департаментінің директоры Стефанес Фотиу, Қоршаған орта жөніндегі неміс агенттігінің өнеркәсіптік шығарындылар директивасы жөніндегі уәкілетті ұлттық органның сарапшысы Катя Краус сияқты таяу және алыс шетелден келген сарапшылар қатысады.


Соңғы жаңалықтар