«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі - Мәңгілік Елдің Ұлы тарихы» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 16 желтоқсан, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!» деген тақырыппен кеше елордадағы «Астана Опера» театрында еліміздің қастерлі мерекесі - Тәуелсіздік күніне орай салтанатты шарада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзінің толық мәтіні берілген. «Елдігіміздің тұмары, ерлігіміздің шынары болған Тәуелсіздік күні құтты болсын! Осыдан 23 жыл бұрын адамзат көгінде жарық жұлдыз пайда болды. Ол - көк байрағын шалқытып, әлем тарихына мөрін басқан Тәуелсіз Қазақстан.

Ғасырлар бойғы халқымыздың арманы 1991 жылдың 16 желтоқсанында бүгінгі буынның тарихи таңдауына айналды. Бұл күн - өз тағдырымызға өзіміз қожалық етіп, өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен Ұлы күн. Тарихи әділет салтанат құрып, азаттық үшін төгілген өлшеусіз қанның өтеуі қайтқан Ұмытылмас күн! Сан дәуір өтсе де ұрпақтарымыз ұлықтап өтетін Ұлағатты күн! Алтай мен Атыраудың, Сырдария мен Есілдің арасында еліміздің жылнамасы алтын әріппен жазылған Ардақты күн! Жер бетінде мыңдаған ұлттар мен ұлыстар бар. Біз - дербес мемлекет құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Басқа бақыттың қонуы бір бөлек, сол бақытты бағалай білу бір бөлек. Тәуелсіз елдердің барлығы бірдей тұрақтылық пен татулыққа ұйып, дамудың даңғылына түсе алған жоқ. Тәуелсіздік - тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол - өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілік. Біз Тәуелсіздігімізге тәу етіп, тәубе деп, тәуекелмен болашаққа бет түзеп келеміз. Біз бүгін Ұлы тарихымыздың тағы бір шебінен сенімді өтіп келеміз»,-деп атап өтті Елбасы.

Бас басылымда «Жасампаздықтың жаңа жолдарын іздейді» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Кеше Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда ұйымға мүше елдердің алдағы экономикалық даму жолдары сөз болып, кездескен сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру мәселелері алға шықты. Жиынды ашқан Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов күн тәртібінде қаралатын мәселелерге тоқталып, әлемдік экономикада кездесіп отырған қиындықтар туралы әңгімеледі. Ұйымға мүше мемлекеттер орын алған осы қиындықтардан бірлесіп шығу жолдарын қарастыруы керек екенін айтты. Оның үшін, ШЫҰ өзінің бұдан әрі қарай дамуының жолдарын іздестіруі тиіс екеніне назар аударды. «Осыған байланысты біздің алдымызда ШЫҰ-ны 2025 жылға дейін дамытудың стратегиясын әзірлеу бойынша кешенді жұмысты жүргізу міндеті тұр. Бұл өз кезегінде ұйымның әлеуетін ашып, оның қуатын арттырып, қазіргі заманғы сын-қатерлерге дер кезінде іс-қимыл жасауға қауқарлы етеді. Ұйым қызметіне осылай серпін беруге болады», деді Үкімет басшысы.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақ елінің ең қымбат мерекесі тәуелсіздік күнінің аясында ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген 1500-дей азамат марапатталды. Бұлардың қатарында қоғамдағы барлық саланың табанды да, талантты адамдары бар. Мемлекеттің гүлденуі жолында жан аямай үлес қосып келген қазақстандықтардың бір тобына тиісті атақтары мен ордендерін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада арнайы тапсырды.

- Қымбатты отандастар, тәуелсіздігіміздің 23 жылы ішінде қыруар шаруаны атқардық. Біз мемлекетті құрдық, экономиканы түзеттік, Қазақстанды дүниежүзіне белгілі еттік, - деді салтанатты рәсімнің ашылуында Елбасы. - Қазақстанды дүниежүзіне таныттық. Әлеуметтік жағдай, білім беру, ғылым, өнерде көптеген жетістіктерге жеттік. Алға қойған мақсаттарымызды орындап келе жатырмыз. Мұның бәрін жасаған біздің халық, осының бәріне ел азаматтарының ерен еңбегінің арқасында жеттік. Сіздер бірлігімізді нығайтып, берекемізді арттыруға атсалысып келесіздер. Сондықтан бүгін өздеріңізге тапсырылатын мемлекеттік наградалардың маңызы өте зор. Бұл марапат сіздердің еңбектеріңізге берген мемлекеттің бағасы. Бұл мақала «Ерен Еңбек Ерлерін Елбасы да қолдайды» деген тақырыппен басылды.

Осы басылымда «Желтоқсан құпиясы әлі ашылған жоқ» деген тақырыппен мақала басылды. «Қаһарлы қызыл империяның шаңырағын шайқалтқан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жөнінде көптеген зерттеулер, кітаптар жарық көрді. Әлі де бұл үрдіс жалғаса беретіні белгілі. Осы орайда Желтоқсан көтерілісіне байланысты деректер жинап, 7 кітап шығарған белгілі журналист, талантты жазушы, қоғам қайраткері Талғат Айтбайұлының еңбегі ерен екенін айта кеткеніміз жөн»,-деп жазады газет.

Бұл жөнінде Талғат аға былай дейді: - Желтоқсан көтерілісі - үлкен мәні бар тарихи оқиға. 1986 жылы жастардың алаңға шығуына себеп - ұлт намысының қорлануы. Адамның жанына ең ауыр тиетін жайт - ұлттық кемсітушілік. Сол кезде қазақ тілінің қолданылу аясы тарылды, қазақтың болашағына балта шабылды. Дінмұхамед Қонаевтың басшылықтан кетуі бар, осындай орын алған жағдайлар жүрегі қазақ деп соққан намысты жандардың алаңға шығып, қарсылық білдіруіне негіз болды. Алаңға ол кезде тек студент жастар емес, қызмет­керлер мен оқушылар да шықты. Толқу тек Алматыны ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірін қамтыды. Жазушылар одағында 1986 жылы 26 желтоқсанда болған жиында Жұбан Молдағалиевтің тарихи сөзі айтылды «Мен мұны көргенімше, Ұлы Отан соғысында өліп кеткенім артық еді» дедi ардагер қаламгер. Желтоқсан көтерілісінің ерекшелігі - жаппай ерлік жасалды. Кеңес одағының жетпіс жылдық өмірінде мұндай қозғалыс болған емес. Қала көшелеріне 60-70 мың адам шықты.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Қазақ тілі» қоғамы: уақыт пен меже" деген тақырыппен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлының көлемді мақаласы жарияланды. «Қоғамдық өмірде кәсіпкерліктегі секілді тілдер арасында да үздіксіз бәсеке жүріп жатады. Тілдер арасындағы бәсекеге белгілі бір тілді тұтынушы елдің әлеуеті, тілге деген мемлекеттік қамқорлық, тілді дамытып отырудағы ғалымдардың үлесі, тілдің қолданысы мен дамуын заң арқылы реттеу, тілді тұтынушылар саны, сол тілде жарық көретін баспа өнімдері, жалпы тілдің өзінің даму деңгейі, т.б. көптеген факторлар әсер етеді. Осы жағынан келгенде ел Тәуелсіздігіне дейін қазақ тілін қоғамдық даму барысына сай үздіксіз дамыту, оның бәсекелік қабілетін арттыру мәселесі кенже қалып келді»,-дейді академик. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, мақаланы қарап шығыңыз.

Соңғы жаңалықтар