Қазақстан Ресеймен барлық бағыттар бойынша стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті – Әлихан Смайылов
2022 жылғы 4 шілде 20:43

Қазақстан Ресеймен барлық бағыттар бойынша стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті – Әлихан Смайылов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Үкіметі барлық бағыттар бойынша Ресеймен стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Екатеринбург қаласында XII «ИННОПРОМ» Халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясында РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкімттің ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында ҚР Премьер-Министрі биыл біздің ел «ИННОПРОМ» көрмесінің серіктесі, осыған байланысты Қазақстан тарапынан мемлекеттік сектор мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінен құралған ресми делегация келіп отырғанын айтты.

«Біздің компаниялар өздерінің әзірлемелерін көрсету, тиімді және перспективалы іскерлік байланыстар орнату үшін берілген мүмкіндікті толық көлемде пайдаланады деп санаймын», - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара мемлекетаралық байланыстар жоғары деңгейде екенін атап өтті. Екіжақты қарым-қатынастың ерекше сипаты мемлекеттер басшылары кездесулерінің жоғары қарқынымен де расталып отыр.

«Қазақстан Үкіметі экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша белсенді диалогқа дайын», - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы үштен бірге өсіп, $24,2 млрд-қа жетті. Бұл – Қазақстан-Ресей саудасы үшін рекордтық көрсеткіш.

Осы жылы оң динамика сақталып отыр – қаңтар-мамыр айларында өзара сауда 5%-ға өсіп, $9,2 млрд-қа жетті.

«Елдеріміз арасындағы көпжоспарлы экономикалық байланыстарды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Екіжақты өзара іс-қимылдың және сауда айналымын ұлғайтудың кең ауқымды мәселелерін шешуде Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясы ерекше рөл атқарады. Бұл тұрғыда экономикалық ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын уақтылы іске асыру маңызды», - деді ҚР Үкіметінің басшысы.

Әлихан Смайылов өнеркәсіптік кооперация Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі екенін айтты.

Осылайша, өнеркәсіп саласындағы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде $437,8 млн-ға 13 ірі кооперациялық жоба және $3 млрд-қа 9 жаңа жоба іске асырылды.

«Бұл жұмыстың тиімділігін төмендетпеу маңызды. Қазақстан үкіметі барлық бағыттар бойынша Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін көп жоспарлы жұмысты жалғастыруға ниетті», - деп түйіндеді ҚР Премьер-Министрі.

Өз сөзінде Михаил Мишустин Ресей Үкіметінің Қазақстанмен достық пен әріптестікті одан әрі нығайтуды сөзсіз басымдық ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Біздің ынтымақтастық уақытпен тексерілген және сыртқы сынақтарға төзімділігін бірнеше рет дәлелдеген», - деді М. Мишустин.

Кездесу барысында Үкімет басшылары кең ауқымды мәселелерді, оның ішінде сауда-экономикалық, көлік және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT