Қазақстан Ресеймен арадағы шекараны қалыпты форматта күзетеді - ҰҚК

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Сенат кулуарында мемлекеттік шекара күзетінің басым бағытын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Геосаяси жағдайға байланысты Ресейден ағылатын адамдар көп болуы мүмкін екені жиі айтылады. Осындай кезеңде Ресеймен шекараны күшейтілген форматта күзету қолға алына ма?» - деп сұрады БАҚ өкілі.

ҰҚК өкілінің айтуынша, қазір шекара қызметінің басым бағыты Қырғызстанмен шекара болып тұрған көрінеді.

«Географиялық тұрғыдан Ресеймен шекарамыз ең ұзыны – 7,5 мың шақырым. Біз оны негізі қалыпты форматта күзетеміз. Шекара қызметінің физикалық күші мен қаражаты бүкіл бағыттағы шекара күзетін үнемі күшейтілген режимде ұстауға мүмкіндік бере алмайды. Бізде басым бағыттар бар. Соларды күшейтіп ұстаймыз. Жағдай туындап жаста, резерв бар. Қажетті бағыттарды сол резервпен жабамыз», - деді Ерлан Алдажұманов.

Сондай-ақ, ол шекара күзетінің басым бағыты деп контрабанда тәуекелі жоғары тұстар туралы айтып отырғанын нақтылады.

«Басым бағыттар мемлекеттік шекарада болуы мүмкін пробламалардан туындайды. Ол шекара бұзушылармен, контрабандамен және тағы басқалармен байланысты. Қазір қырғыз бағыты басымдықта. Сондықтан осы бағытты күшейтіп отырмыз. Бірақ бүкіл бағытқа резерв бар», - деді Шекара қызметінің директоры.


Соңғы жаңалықтар