Қазақстан ресейлік туристерді қалай қызықтырмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміз Ресейде өтіп жатқан MITT -2019 Мәскеу халықаралық туристік көрмесіне қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.

«Ресейлік туристер үшін демалу орнын таңдауда ең бастысы баратын орынның қауіпсіздігі әрі танымал болуы маңызды деген пікір қалыптасқан. Десекте, кейінгі жылдардағы тенденцияларға сай, туристер үшін тәжірибе, әсерлер мен эмоциялар да маңызды. Яғни «travel experiences» демалатын жерді таңдауда шешуші фактор болып табылады», - делінген хабарламада.

«Kazakh Tourism»-нің мәліметіне сүйенсек, аталған көрмеде ресейліктерге еліміздің атынан жаңа эмоция мен ерекше әсер беретін қызықты туристік өнімдермен қатар, белсенді демалысқа арналған жаңа бағыттағы жобалар таныстырылады.

«Географиялық жақындықты, дамыған көліктік логистиканы, тарихи байланыстар мен басқа да факторларды ескерсек, Ресей Қазақстанның туризмі үшін ең басты туристік нарықтардың бірі екені анық. Қазіргі кезде өзіміздегі бар ұсыныстардан бөлек, ресейлік туристерге белсенді демалыс түрлерін ұсыну бойынша жұмыс жүргізудеміз. Яғни, біздің міндетіміз - елімізге басқа мақсаттармен келген адамдарды белсенді демалыс түрлері арқылы қызықтыру. Сол арқылы Қазақстанда тағы бірнеше күнге қалдыруға болады», - деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Садуақасов.

MITT көрмесіндегі Қазақстан павильоны биылда өткен жылдағыдай «Adventure» тақырыбында жасалды. Сондай-ақ, осы жолы эко және белсенді туризмнен бөлек, гастрономия және этнофуд тақырыбы да ұсынылды.

Айта кетсек, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметі бойынша, өткен жылы Ресейден елімізге 1,74 млн адам келген, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 1,7%-ға артық.

Соңғы жаңалықтар