Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 380.56 EUR 430.15
RUB 6.02 CNY 55.55
Jańalyqtar

Қазақстан, Ресей және Иран бидай саудасы бойынша ынтымақтастық орнатты

2019 жылғы 12 ақпан 18:53 1007
Бөлісіңіз:
Қазақстан, Ресей және Иран бидай саудасы бойынша ынтымақтастық орнатты

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрлігі және Иран Ислам Республикасының Ауылшаруашылық жихады министрлігі бидай саудасындағы ынтымақтастық мәселесі бойынша өзара түсіністік меморандумын жасасты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар

Құжатқа ҚР ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаева, ИИР ауылшаруашылық жихады министрінің орынбасары Әли Әкбар Мехрфард және РФ ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сергей Левин қол қойды. Қол қою рәсіміне Еуразия экономикалық комиссиясының Сауда жөніндегі алқа мүшесі (министр) Вероника Никишина да қатысты.

ҚР ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаеваның айтуынша, меморандум - ЕАЭО елдері және ИИР арасында былтыр қол қойылған Еркін сауда аумағы туралы келісімнің құрамдас бөлігі.

«Қазақстан бидайын жеткізу көлемі жылына бес жүз мың тоннадан миллион тоннаға дейін жетуі мүмкін. Былтыр Қазақстан тамаша табыстарға қол жеткізді. Жыл бойы Қазақстан 11,7 млн тонна астық экспорттады. Сонымен қатар, өнімді өткізу нарығын одан әрі кеңейту міндеті тұр. Сондықтан да, Иран нарығы бізді қызықтырады», - дейді Г.Исаева.

Қазақстан, Ресей және Иран бидай саудасы бойынша ынтымақтастық орнатты

Ол Иран соңғы жылдары астықпен өзін-өзі қамту шаралары арқылы сырттан астық импорттауға шектеу қойып келгенін жеткізді. Иран өндіретін 12 млн тонна астық елдің ішкі қажеттілігін жабады. Бірақ Иран ұн тартатын зауыттарының жалпы қуатының жартысына жуығы бос жатқандықтан, Қазақстан мен Ресейден астық әкеліп, оны қайта өңдеп, көрші елдерге экспорттауды көздеп отыр. Өз кезегінде, бұл нарық әлемде жалпы ұн тұтынудың 70% құрайды.

Меморандумға қол қою рәсіміне Иран делегациясының құрамында ауылшаруашылық өнімдерін сатып алушы SLAL мемлекеттік компаниясының өкілдері, Иранның Бидай өнеркәсібі қауымдастықтары орталығының бас хатшысы, Иран Ұн өндірушілері қауымдастығының президенті де қатысты.

«Иран ЕАЭО елдерімен қарым-қатынасын дамыту жөнінде шешім қабылдады... Бұл қадам елдеріміз арасындағы тауар айналымының артуына жағдай жасайды деп ойлаймын. Біз алдағы уақытта логистика және өнеркәсіп байланыстарын нығайта береміз», - дейді ИИР ауылшаруашылық жихады министрінің орынбасары Әли Әкбар Мехрфард.

Оның айтуынша, Иранның ұн тартатын кәсіпорындарының әлеуеті жоғары, ал өңірдегі нарық шамамен 7 миллион тонна бидайды қажет етеді.

«Меморандумға сәйкес, Ресей мен Қазақстан Иранның логистикалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, транзит арқылы үшінші елдерге бидай экспорттай алады», - дейді Иран өкілі.

Меморандумға сәйкес, ұн экспорттаушы кез келген кедендік баждардан немесе соған ұқсас алымдардан босатылады. Тек Қазақстан және Ресейден уақытша немесе транзит мақсатында әкелінген бидайға қатысты ұлттық нормалар мен ережелер бұған кірмейді.


Қазақстан, Ресей және Иран бидай саудасы бойынша ынтымақтастық орнатты

Автор: Медет Ахметов

 

 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
MURAǴAT