Қазақстан, Ресей және Беларусь теміржолшылары миллион контейнер тасымалдауға әзір

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1520 кеңістігіндегі түрлі елдердің теміржолдарын үйлестіру және мемлекетаралық ынтымақтастық мәселелері тақырыбы Ресейдің Сочи қаласында өткен «PRO//Қозғалыс.1520» Халықаралық көлік-логистикалық форумының іскерлік бағдарламаларының басты тақырыбы болды. Форум аясындағы «PRO ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ: Ортақ күш салу арқылы А нүктеден В нүктеге дейін жеткізу арзанырақ, жылдамырақ әрі сенімдірек» тақырыбындағы пікірталаста теміржол көлігі саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық мәселелері қаралды. Пікірталасқа демеушілік еткен «Еуразия теміржол альянсы - Бірлескен көлік-логистикалық компания» АҚ (UTLC ERA) ЕАЭО елдерінің теміржол инфрақұрылымындағы транзиттік контейнер тасымалын арттыруды мақсат еткен. Форум аясында ҚазАқпарат тілшісі UTLC ERA президенті Алексей Громмен Қазақстан арқылы транзиттік тасымалды дамыту болашақтары, оның трансконтиненталдық тасымалдардағы рөлі туралы сұхбаттасты.

- Алексей Николаевич, 2018 жылы «Бірлескен көлік-логистикалық компания» АҚ (БКЛК) қайта құрылып, барлық қатысушы елдердің тепе-тең үлесі белгіленді. Мұндай схема қандай пайда береді?

- Біз о бастан бірлескен кәсіпорынның барлық қатысушыларының мүдделерін ескере, акционерлік капиталдың тепе-теңдігіне негізделе жұмыс істедік. Екінші жағынан, мұндай өзгеріс, яғни үш ел - Қазақстан, Беларусь, Ресейдің 33,3%-тік үлесін шартты түрде бекіту акционерлердің арасындағы барлық келісімдердің сақталуына айғақ болады. Бұл серіктестікті нығайту және нақты өндірістік міндеттерді шешу үшін ықпалдастықты дамытуға бағытталған жұмыс. Біз менеджмент ретінде, мақсатты тепе-теңдікке қол жеткізу UTLC ERA дамуындағы маңызды қадам екеніне сенімдіміз, бұл өндірістік-қаржы қызметінің қорытындыларынан байқалуы тиіс. Техникалық жағынан алғанда, иә, биыл, 2 сәуірде біз БКЛК-ны қайта құру процесін аяқтадық. Соның нәтижесінде, біздік үш акционер («Ресей темір жолдары» ААҚ, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ және «Беларусь темір жолы» МБ) 33,33% үлесіне ие паритеттік (тепе-тең) серіктестерге айналды, ал компания «Бірлескен көлік-логистикалық компания - Еуразия теміржол альянсы» АҚ деп аталды.

- Үлестер бірдей, бірақ жолдар және ондағы жағдайлар әртүрлі ғой. Қазақстанның альянстағы рөлі қандай?

- Бүкіл жүйе синхронды жұмыс істеуі қажет екенін ұмытпау қажет. Мәселен, жылдамдық үш учаскенің барлығында біркелкі жоғары деңгейде болуы тиіс. Инфрақұрылым, технологиялар, тасымалдау қызметін цифрлық қамтамасыз ету синхронды түрде дамып келеді, кеденмен байланысты ресми тұстары шешімін табуда.

- Салауатты пікірлеу, ұйымшылдық, сенімге де көп нәрсе байланысты. Айтпақшы, Ресей мен Қазақстан арасындағы сенім тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де айқын байқалады. Мәселен, жуырда ғана кепілді локомотивтік иін ұлғайтылды. Қазақстандық локомотив Ресейге қосымша ресімдеусіз 400 километрге дейін кіре алады, бұрын мұндай жоқ еді. Біз осы процеске бастамашыл болдық - кездестік, келістік, іске қостық.

- Қазір Қазақстан таза транзит пе, әлде жүктің қандай да бір бөлігі тікелей Қазақстанға келіп, осында қала ма? Ондай көлемдегі жүк арттырудың қандай да бір тенденциялары бар ма?

- Біздің қызметіміздің бағыты транзит болғандықтан, цифрларды айта алмаймын, бірақ Қазақстан шынында да әрі көбірек тұтынып, әрі өндіре бастады - бұл әлемдік экономикалық процестер. Біздің базалық бағдарымыз - транзит, бірақ біз акционерлер келісетін, Еуропадан Қазақстанға жеткізілетін тасымалдар да жиі кездеседі. Олар біздің сервис мейлінше толық болуына қызмет ететін қосымша секілді. Ол тасымалдаушы тәуірірек қаржылай нәтиже алуына мүмкіндік береді - пойыздарға жүк көбірек тиеледі. Алдағы уақытта, UTLC ERA дамуының келесі кезеңдерінде мұндай тасымалдау көбірек болуы мүмкін. Бірақ қазір біздің негізгі назар - транзитте.

Қазақстанның даму бағдарламасында, жаһандық «Нұрлы жол» бағдарламасында 2018 жылғы наурызда президент Владимир Путиннің Федералдық жиынға арнаған жолдауында айтылған тақырыптармен үндесетін көптеген тезистер бар. Онда транзит бөлек мақала етіп бөліп көрсетілген. Жаңалықтар мен ұқсас тұстар өте көп. Бұл ретте, біздің компанияның жұмысы, бұл тұрғыда да мемлекетаралық мүдделердің арнасында екенін айта кеткен жөн. Біздің мақсатымыз жиырма футтың эквивалентті (ЖФЭ) 1 миллионға жеткізу. Мұның өзі жақсы бизнес-көрсеткіш әрі жаһандық мақсаттарға қол жеткізуді білдіреді.

- Қазақстанның темір жолдарын Ресей және Беларусь темір жолдарымен салыстыруға бола ма?

-  Инфрақұрылымның ахуалы онда болып жатқан кемшіліктердің көрсеткіштерімен сипатталады. Оқтын-оқтын ақаулар болып тұратынын жасырмаймын, бірақ ондай кемшін тұстар Ресейде де, Қазақстанда да - барлық жерде болып жатады. Бұл өмір, біз акционерлермен бірлесе отырып проблемаларды барынша азайту міндетіміз екенін түсінеміз. Бос контейнерің күшті жел салдарынан аударылып жатса да, оны ешқандай тіреуішпен ұстап қала алмасаң - ол форс-мажорға жатады. Оны біз технологиялық ақау деп есептейміз, мұнда қозғалысты қалпына келтіру және сақтану үшін барлық шараны қарастырудың маңызы зор. Айталық, келесіде контейнерді платформаға мықтырақ орнату қажет болар. 1520 мм табаны бар теміржолды біздің әкелеріміз, аталарымыздан қалған, ол ең сенімді көлік түрлерінің бірі болып табылады. Қазақстан, Ресей теміржолдарын дамыту бағдарламалары да жүйенің жұмысын жақсартуға бағытталған.

Әрине, әркімнің нақты өзіндік бәсекелестік артықшылықтары және фишкалары бар. Менің ойымша, Қазақстанның басты бәсекелік артықшылықтарының бірі - Қазақстан-Қытай шекарасындағы ең заманауи терминал. Мен көптеген терминалдарды көрген адаммын - Америкада немесе Еуропада ондай терминалды көрген емеспін. Ондай терминалдың бар екеніне сенімді де емеспін. Әрине, пойыздарды жөнелту, контейнерлерді заманауи техникада қалыптастыру, ыңғайлау - осының бәрі терминалды трансшекаралық теміржол қатынасының әлем чемпионына айналдырады.

Ал Беларусь Республикасы, мысалы, пойыздардың ең жоғары жылдамдықпен жүру мүмкіндігін мақтаныш ете алады. Онда Брестке кіреберіс өте жақсы дамыған. Өйткені ол Кеңес одағының басты экспорт-импорт қақпасы болатын. Сондықтан біз онда пойыздарымыздың ең жоғары жылдамдықпен жүргенін көріп отырмыз. Ресей Қазақстан мен Беларусьтың арасындағы орталық ядро ретінде, тораптың басты элементі болып отыр. Мұнда көптеген ІТ-технологиялар мен жаңалықтар енгізіліп жатыр. Меніңше, мұндай байланыстырушы рөл өте маңызды. Бұл ретте әркімнің өз орны бар әрі бұл процесте ұсақ-түйек атымен жоқ. Мұнда барлығы да сағат сықылды жұмыс істеуі қажет. Ал ақтық нәтиже бүкіл жол бойындағы интеграция деңгейіне байланысты болмақ.

- Дамудың алдағы уақыттағы перспективалары қандай?

- Білесіз бе, біз базалық бағдар бойынша алғашқы күн сайынғы тұрақты пойыздарды жөнелте бастағанда, көптеген скептиктер болды: «Ал, жігіттер, екі-үш пойызды жөнелтіңдер, сонымен болды, тынышталыңдар» дегендер кездесті. Бүгінгі таңда біз тәулігіне он бес пойыз жөнелтіп жатырмыз. Осы пойыздарды кішкене ұзартып, оларды контейнерлермен толтыра алсақ, Қазақстан - Ресей - Беларусь кешенді шынжырының бүгінгі өткізу қабілеті миллион контейнер үшін дайын деуге болады. Сондықтан да, біз - үш елдің теміржолшылары біргелікте жақсы, технологиялық әрі бәсекеге қабілетті өнім жасай алатынына нақты айғақ бола аламыз дегім келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар