Қазақстан-Ресей транзитіндегі уақыттың жартысы шекарадағы процедураларға кетеді – Жұманғарин

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының XVIII жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин шекарадағы әкімшілік кедергілердің өзара қарым-қатынасқа тигізіп жатқан зияны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көлік дәлізінің табысты дамуына бірқатар инфрақұрылымдық және физикалық емес сипаттағы проблемалар кедергі келтіріп отыр. Бүгінде сарапшылар осындай 40-тан астам кедергіні атап жүр. Салдарынан транзит уақытының шамамен 50 пайызы шекараны кесіп өтуге – әкімшілік процедураларға кетіп жатыр. Осылайша автотасымал мен теміржол тасымалының ұзақтығын екі есе арттыруда», - деді вице-премьер.

Айтуынша, аталған ұрымтал тұстарды жою үшін бірінші кезекте «жұмсақ» инфрақұрылымды жолға қою керек.

«Жекелеп айтсақ, шекарадағы жүк айналымы процесін цифрландыру, кеден процедураларын үндестіру, үйлестірілген тариф саясатын енгізу қажет. Бұл үшін инфрақұрылым шектеулері мен әкімшілік кедергілерді алып тастауға, тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасауға және инфрақұрылымды дамытатын инвестиция тартуға арналған бірлескен жол картасын қабылдау ұсынылады», - деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, аталмыш шараның ашылуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей астанасынан бейнеконференция форматында қатысты.


Соңғы жаңалықтар