Қазақстан-Ресей шекарасынан өту жеңілдетіледі - Парламент

None
None
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасында бірлескен бақылауды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық туралы осы келісімге 2009 жылдың қыркүйегінде Орынбор қаласында қол қойылған. Аталған құжатта бюрократиялық формальдылықтар мен бақылау ұзақтығын қысқарту, сондай-ақ оның тиімділігін жеке тұлғалар мен көлік құралдарының Қазақстан-Ресей шекарасын кесіп өтуі кезінде бірлескен бақылауды жүргізу жолымен арттыру көзделеді.

Бұл ретте екі тараптың бақылау органдары заңнамалық бұзулар немесе бұзуға әрекеттенулер фактісін растау үшін дәлелдемелер жинауды қамтамасыз ету мақсатында бір-біріне қажетті көмек көрсетеді.

Жалпы, келісімді ратификациялау шекарадағы бақылауды жеңілдетуге және жеделдетуге мүмкіндік береді. Сыртқы экономикалық қызметтің қатысушыларына қолайлы жағдай туғызады. Сонымен бірге, екі мемлекет арасындағы тауар айналымын арттырады.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Соңғы жаңалықтар