Қазақстан - Ресей парламентшілері ынтымақтастық комиссиясының отырысы Омбыда өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін РФ Омбы қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның жетінші отырысы болды. Комиссия жұмысына Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов бастаған қазақстандық делегация қатысты. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

Басқосуды қазақстандық тараптан комиссияның тең төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов және комиссияның ресейлік тараптан тең төрағасы, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі төрағасының орынбасары Ильяс Умаханов ашты.

«Ресей Федерациясының іргелес аймақтары мен Қазақстан облыстарының шекара маңындағы ынтымақтастығы орнықты экономикалық өсімді, халықтың әл-ауқатының жақсаруын, инвестиция тартымдылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бұл жұмыс орындарының ашылуына, әлеуметтік және мәдени дамуға серпін беретін маңызды стратегиялық бағыт болып табылады. Осындай жан-жақты дамуға парламентаралық іс-қимыл оң ықпал етеді», - деп атап өтті Сенат төрағасының орынбасары.

Комиссия отырысы барысында Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекара маңындағы аймақтарын өркендету, екі елдің шекара маңындағы субъектілерінде қазақ және орыс тілдерін дамыту секілді мәселелер қаралды. Бұдан бөлек, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясында «Инжиниринг қызметі және инжиниринг туралы» және «Инженерлік іс туралы» үлгі заңнамалық актілерін әзірлеу, 1941 - 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге арналған шараларға Қазақстан мен Ресей парламентшілерінің қатысуы талқыланды.

Комиссия отырысына сенаторлар С.Плотников, Ж.Нұрғалиев, М.Алтынбаев, С.Біләлов, С.Жақсыбеков, С.Ершов және М.Көбенов қатысты. Басқосу қорытындысы бойынша айтылған пікірлерді есепке ала отырып Комиссия Хаттама қабылдайды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия екі елдің заң шығару органдарының жоғарғы палаталары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Келісім аясында қызмет етеді. Комиссияның кезекті сегізінші отырысын Қазақстанда өткізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар