Қазақстан радиолары әсем ән беруді ғана үйренді - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда музыкалық-ақпараттық бағыттағы радиолар көп, бірақ ашық пікір алмасатын радио жоқтың қасы.Бұл пікірді Жетінші арнаның креативті директоры Евгений Переверзев Астанада «Radio Asia 2018» халықаралық конференциясы барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандық радиостанцияларды тыңдағанда немесе телеарналарды қарағанда жаңаша лепті көре алмаймын. Тыңдарман ретінде бұған дейін бір жерден тыңдағандай әсерде боламын. Біздің поп-жұлдыздарымыз неге әлемге танымал емес? Себебі олар қайталанбайтын бірегей тұлға ретінде қалыптасқан жоқ, стильдері көшірілген», - деді Евгений Переверзев Астанада «Radio Asia 2018» халықаралық конференциясында.

Оның айтуынша, коммерциялық радио тарату ісі АҚШ-та 1930 жылдары пайда болды, ал Қазақстанға - 1990-жылдары келді және қазақстандық радиостанцияларға әлі де көп еңбектену қажет.

«Қазақстан аумағында FM форматындағы станцияларға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Радионы ермек ретінде көреді. Бізде әңгімелесіп, пікір алмасатын радио жоқ, радиостанциялардың барлығы музыкалық-ақпараттық бағытта. Тіпті ақпараттық-музыкалық радио қатарына «Қазақ радиосын» ғана енгізуге болады. Нарық әлі қалыптаспады, радиодан үнемі музыка ойнап тұрады. Радио плеерге айналып барады, радионың өзіндік пікірі жоқ, сауатты жүргізушілер жоқ, нарық өте жұтаң. Ашық әңгіме радиосы болмаса, үздік жүргізушілер қайдан шығады? Біз тек әдемі ән қоюды ғана үйрендік», - деді ол.

Сондай-ақ, сарапшы қазақстандық радиолардың шетелдік станциялармен бәсекеге түсетінін ескертті.

 «Қазіргі тыңдармандардың көпшілігі радионы интернет арқылы тыңдайды. Оның үстіне қазақстандық аудитория ағылшын тілін меңгере бастады. Демек, біздің радиостанциялар АҚШ пен Аустралия радиоларымен бәсекеге түсіп жатыр», - деді Евгений Переверзев.

Айта кетейік, Астанада тұңғыш рет радионы дамыту мәселелеріне арналған «Radio Asia 2018» халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Оған Үндістан, Мальдив, Вьетнам, Қытай, Ауғанстан, Түрікменстан, Түркия, Индонезия сынды Азия елдерінің радиожурналистері келді.
null 

null 

Соңғы жаңалықтар