Қазақстан прокурорлары ArсelorMittal ісі бойынша Люксембург органдарына өтінім жолдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның прокурорлары ArсelorMittal компаниясының бірінші басшыларынан жауап алу үшін Люксембург органдарына өтінім жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Дархан Дүйсембайдың айтуынша, аталған сауал еліміздегі «АрселорМиттал Теміртау» шахталарындағы апат бойынша тергеу амалдарына қатысты жолданып отыр. Осы орайда, Қазақстанның прокурорлары ArсelorMittal басшылығынан шахталар мен өндірісте қауіпсіздікті күшейту, жұмысшыларға тиісті жағдай жасау, апаттарға жол бермеу саласында атқарылатын іс-қимылдарға қатысты жауап алады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзудың 2 мыңға жуық дерегі анықталды.

Еске салайық, былтыр 3 қарашада осы компанияға қарасты Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында метан газының жарылысы болып, кеншілер қаза болған еді.

Артынша бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ, былтыр 8 желтоқсанда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық зауытының коксхимиялық өндірісінде адам өліміне әкелген апат болды. Апаттан 1982 жылы туған қызметкер көз жұмды.


Соңғы жаңалықтар