Қазақстан Президентінің Жолдауы елдің мемлекеттік дамуының нақты мақсаттарын нақтылады - Қытай сарапшылары

None
None
ЖІҢ. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы бұл күндері ел ішінде ғана емес, шетелдерде де қызу талқылануда.

Қытай сарапшыларының пікірінше, Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстанның келешек дамуында маңызды роль атқаратын болады және осы Жолдауды басшылыққа алған мемлекет қоғамды әрі қарай жаңартуда үлкен жетістіктерге қол жеткізе алады.

Қытайдың қазіргі заманғы халықаралық қатынастар институтының Орталық Азияны зерттеу орталығының жетекшісі Дин Сяосиннің пікірінше, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 20 жылдың ішінде қарыштап дамып келеді, өзінің саяси тұрақтылығын сақтай алды, ал экономикалық дамуы бүгінде үлкен нәтижелер беріп отыр. «Президент Жолдауында атап көрсетілгендей, 1997 жылы Қазақстанда жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда небәрі 700 АҚШ долларын құраған. Ал 2011 жылдың қаңтар айында бұл көрсеткіш 9 мың долларға жетіп отыр. 2009 жылы Қазақстан жаһандық қаржы дағдарысымен күресу жөніндегі белсенді шаралар қабылдаса, қазіргі таңда ел экономикасы дағдарысты еңсеріп отыр. Қазақстан сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күресу, инвестициялық ахуалды жақсарту, еңбекпен қамту, халықтың тұрмысын көтеру, баспана салу және т.б. салаларда айтулы жетістістерге қол жеткізді». - дейді сарапшы.

Оның сөзіне қарағанжда, қытайлықтардың «жылдық жоспарды көктемде жасау керек» деген сөзі бар. Қазақстан Президентінің Жолдауында мемлекеттік дамудың үлкен және нақты мақсаттары беріліп отыр, осы мақсаттар Қазақстанның келешек бағыт-бағдарын нақты көрсетуде. Атап айтқанда, 2020 жылға қарай елдің экономикалық даму қарқыны 30 пайыздан кем болмайды, ал ел экономикасындағы орта және шағын бизнестің үлес салмағы - 40 пайызды шамалайды, халықтың жалпы саны - 18 миллион адамға жетеді деп болжанып отыр. Жолдауда сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық саладағы даму мақсаттарының нақты жоспарлары көрсетіліп, белгіленген жоспарларды жүзеге асырудың жолдары нақтыланған. Осының бәрі Қазақстанның болашағы үшін үлкен маңызға ие.

«Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы ұзақ жылдар бойы табысты дамып келе жатыр. Екіжақты стратегиялық серіктестік те нығайып келеді. Жақын арада Қазақстан Президенті Қытайға сапар жасағалы отыр, осының бәрі қазақстан-қытай серіктестігі мен ынтымақтастығын әрі қарай ілгерілетуде сөзсіз маңызды роль атқаратын болады», - дейді сарапшы.

Ал Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты директорының орынбасары Сунь Ли мырза Президент Н.Назарбаевтың осынау мазмұнды құжатты ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында жариялауының өзі маңызды екенін айтып отыр. «Бұл құжат халықаралық қоғамдастыққа Қазақстанның өткен 20 жылдағы жетістіктеріне, елдің даму перспективасына тағы да көз салуға мүмкіндік беріп отыр. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді және осының бәрі аталмыш Жолдауда атап көрсетілді». - дейді ол.

- 2011 жылы Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 20 жыл толады. Бұл маңызды халықаралық оқиға. 20 жыл бойына әлем халқы Қазақстанның тек жетістіктерін көріп келеді. Мұның бәріне Қазақстан Президент Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп отыр. Президент өз Жолдауында атап көрсеткендей, өткен 20 жылда Қазақстан мемлекеттік дамудың негізгі қағидалары мен құндылықтарын: азаттықты, бірлікті, тұрақтылық пен әл-ауқаттылықты нығайта түсті.

20 жылда қол жеткізген жетістіктер, Қазақстан экономикасының даму қарқыны әлемнің кез-келген елінде бола қоймайтын ғажайып үдеріс. Осы аралықта жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда 12 есеге өскен. 2014 жылға дейін Қазақстан Үкіметі 160 мыңға жуық жаңа ұзақмерзімдік жұмыс орнын және 200 мың уақытша жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр.

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан дипломатиясы да айтулы жетістіктерге қол жеткізді, елдің халықаралық аренадағы беделі өсті. Президент Н.Назарбаев Қазақстан инвесторлар мен коммерциялық серіктестерінің, оның ішінде халықаралық серіктестерінің алдындағы өз міндеттемесін сақтайтынын мәлім етті. Қазақстанның Кеден одағы аясындағы міндеттемелерін орындайтынын, ТМД елдерімен арадағы қарым-қатынасын да қарқынды және жедел дамытатынын, ЕҚЫҰ аясындағы мәселелерді үйлестіру жөніндегі миссиясын жалғастыратынын, Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселесіне үлес қосатынын айтты. Президент Н.Назарбаев сондай-ақ, биыл Қазақстанда Шанхай ынтымақтастығы ұйымының 10 жылдығына орай салтанатты шара өтетінін айтты. Қазақстан ШЫҰ құруға ұйытқы болған тараптың бірі ретінде Ұйымның жұмысын әрі қарай нығайта түсуге бар күш-жігерін сала бермек, - деді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар