Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша екі елдің Іскерлік кеңесін құру туралы шешім қабылданды - Ив Летерм

None
None
БРЮССЕЛЬ. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы және ұсынысы бойынша тараптар Қазақстан мен Бельгияның арасындағы Іскерлік кеңесті құру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы кеше Брюссельде Қазақстан Президентімен болған кездесудің қорытындысы бойынша Бельгия Корольдігінің Премьер-министрі міндетін атқарушы Ив Летерм мәлім етті.

«Бүгін біз сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге жасалған талпыныс деп мазмұндауға болатын Бельгия мен Қазақстанның арасындағы екіжақты қарым-қатынасты талқыладық»,- деп атап көрсетті Ив Летерм өз сөзінде.

Қазақстан Президентінің сапары қазан айының ортасында Астанада Бельгияның мұрагер ханзадасы Филипптің қатысуымен өткен қазақстан-бельгия бизнес форумынан екі аптадан кейін өтіп отырғанын айтып өткен Бельгияның министрлер кабинетінің басшысы, «осы сапардың арқасында сіздер біздің мемлекеттеріміздің энергетикалық ресурстар, ядролық энергетика, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және экология саоасындағы ынтымақтастығын қамтитын құжаттарға қол қою рәсімінің куәсі болып отырсыздар», деп атап көрсетті.

Оған қоса Ив Летерм, тараптардың Қазақстан мен Еуроодақтың қарым-қатынас мәселелерін талқылағанын атап көрсетті. «Қазақстан мен Еуроодақтың арасында ынтымақтастық туралы жаңа ілгерінді келісімшарттың жасалуына Бельгия тарапынан қолдау болатынын тағы да қуаттаймын. Бұл қарым-қатынас тек сауда-экономикалық саланы ғана емес, адам құқықтары және заң әділдігі сияқты салаларды да қамтитын болады»,- деді ол.

Бельгия үкіметінің басшысы сондай-ақ Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелерінде және ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстанның атқарып отырған тұрақтандырушы ролін атап көрсетті және желтоқсанның 1-2-сінде Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне қатысу ниетін қуаттады.

Соңғы жаңалықтар