Қазақстан Президентінің 5 мегатренді әлем елдері үшін өзекті - БҰҰ кеңесшісі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Даму бағдарламасының бас стратегиялық кеңесшісі Бен Слэй ҚР Президентінің Астана экономикалық форумының жалпы отырысында жария еткен 5 мегатрендіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана экономикалық форумында жария еткен 5 мегатренді Қазақстан, АҚШ, Қытай, Ресей үшін, жалпы барлығы үшін өзекті. Өйткені дәл солар Қазақстанға және әлемнің өзге елдеріне ықпал етеді. Бұл біршама айрықша сұрақ және онда Үкіметтің де, бизнестің де алдында тұрған міндеттер қамтылған. Бұл біз үшін де маңызға ие. Біз де алаңдаушылық танытамыз», - деді ол.

Осы ретте шетелдік сарапшы бүгінде Қазақстанның табиғи ресурстарға тәуелділіктен арылып келе жатқандығын баса айтты.

«Президент атап өткендей, ең бастысы мұнай мен газ өндіруге ғана емес, сонымен бірге негізінен адами капиталға арқа сүйейтін экономикалық дамудың жаңа кезеңіне өту деп санаймын. Жердің астындағы емес, адамның мүмкіншіліктер қатпарындағы маңызды. Бұл біздің экономикамыздың және бүкіл әлем экономикасының болашағы. Бұл ретте экономикалық жаңғыру мәселесі үлкен мәнге ие», - деп атап өтті Б.Слэй.

Осы ретте Бен Слэй  Қазақстан Президентінің 5 мегатрендінің ішінен жаһандық еңбек нарығына айрықша тоқталды.

«Ең бастысы - бұл білім мен оқу. Бұл тек жастар үшін ғана емес. Ағылшын тілінде «life long learning» деген түсінік бар. Тіпті менің жасымдағы адамдар да жаңа біліктілік алып, мамандығын өзгертіп, жаңа білімге ие бола алады. Меніңше, бұл Қазақстан үшін де, әлемнің барлық елдері үшін де болашақтағы бәсекеге қабілеттіліктің негізі. Бұл мегатрендтердің ішіндегі ең бастысы деп ойлаймын», - деді ол.

Еске салайық, 17 мамыр күні Астана экономикалық форумының жалпы отырысына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев шиеленісті жағдайлардың көбейгеніне және қазіргі өркениеттің жаңа жаһандық трансформациясына тоқталып, ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Олардың қатарында адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының және  жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар. 

Соңғы жаңалықтар