Қазақстан Президенті волонтер болудың нағыз озық үлгісін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев волонтер болудың нағыз озық үлгісін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау - көне заманнан келе жатқан халқымыздың дәстүрі. Сондықтан, бұл дәстүрді міндетті түрде сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойынша құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді біздің халқымыз. Волонтерлер қызметінің басты мақсаты – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету», - деді елордада Мемлекет басшысы елордадағы «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатында.

ҚР Президенті кезінде Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері жер аударылып, сол қиын-қыстау уақытта халқымыз оларды бауырына басып, бір үзім нанды бөліскенін еске салды.


«Шынайы жанашырлық көрсету – халқымызға тән қасиет. Міне, нағыз волонтер болудың озық үлгісі деп осыны айтуымыз керек», - деді ол.

Айта кетсек, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына қатысуда. Волонтер жылы аясында фронт-кеңсенің ашылуы барысында «QQQAZVOLUNTEER.KZ» онлайн-платформасының қызметі және волонтерліктің «Bilim», «Qamqor», «Úmit», «Sabaqtastyq», «Taza Álem» және «Saulyq» атты 7 салалық бағыт бойынша алаңдары таныстырылады.

Фронт-кеңсе бүкіл Қазақстанның волонтерлері үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталыққа айналатын болады. Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар мен оқыту бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг жасау, волонтерлікті ілгерілету бойынша бірыңғай ақпараттық саясатты жүргізеді және бірыңғай Call-орталықтың жұмысын ұйымдастырады.


Соңғы жаңалықтар