Қазақстан Президенті түрік жазушысын «Достық» орденімен марапаттады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркия астанасы Анкарада Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, іс-шара барысында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы М.Әуезовтың «Абай жолы» романын жақында түрік тіліне аударған белгілі түрік ақыны, жазушы Зафер Кибарға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес берілген Қазақстанның мемлекеттік наградасы - II дәрежелі «Достық» орденін табыстады.

Өз кезегінде З. Кибар табысталған орден үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, қазақ халқына алғысын білдіріп, Абайдың барша адамзатты ағартар терең сөздерді жай айтып қана қоймай, қағаз бетіне түсіріп, өшпес мұра қылып кеткені жайлы сөз қозғады.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген А. Сапарбекұлы ұлы ақынның қазақ халқы үшін ерекше рөлін айтып, «Абайды тану – өзімізді тану» деп, оның терең ойларының қазақ болмысын қалыптастырғанын атап өтті.

Қазақстандық дипломат Абайдың әдебиетпен қатар қоғамдық өмірдегі жаңашыл ойлары өзінен кейінгі қазақ зиялылары үшін өнегелі үлгіге айналғанын айтты.

Түркия Мәдениет экс-министрі Намык Зейбек өз сөзінде Абайға қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушысы деген баға беріп, ұлы ақынның бүкіл түркі әлемі үшін маңызына тоқталды.

Шара ұлы ақынның өлеңдері, поэмалары мен Қара сөздерін мәнерлеп оқуға арналған әдеби кешке ұласты. Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының суреттерінен құралған көрме салтанатты іс-шара қатысушыларына ұсынылды.

Алқалы жиынға ТР Мәдениет экс-министрі Намык Зейбек, Еуразия жазушылар одағының президенті Якуп Өмероғлу, сондай-ақ жергілікті зиялы қауым және Анкарадағы дипломатиялық миссиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен Түркияда білім алып жатқан қазақстандық жастар және т.б. қатысты.



Соңғы жаңалықтар