Қазақстан Президенті төмен байытылған уран банкін ашады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 тамыз күні Қазақстан аумағында құрылған Халықаралық төмен байытылған уран банкінің ресми ашылуы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Пагуош ғалымдар қозғалысының 62-ші конференциясында мәлім етті.

Еске сала кетсек, 29 тамызды БҰҰ ядролық сынақтарға қарсы күрес күні деп белгілеген.

 «Біз 2005 жылы Семейде қол қойылған Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартты іске асыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізудеміз. Қазақстан аумағында МАГАТЭ Халықаралық төмен байытылған уран банкінің құрылуы ядролық қаруды таратпауды нығайтуға қосқан қомақты үлес болып табылады. Оның ашылуы 29 тамыз күні Мемлекет басшысының қатысуымен өтеді», - деді Сенат спикері Пагуош ғалымдар қозғалысы конференциясының ашылуында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап, өзіне алған халықаралық міндеттемелерді мүлтіксіз орындап, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен мен ядролық қаруды таратпау ісіне елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Сондықтан, әлемдік қауымдастық Қазақстанды ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы деп таниды.

«Барша адамзаттың бейбіт өмір сүруі мен тұрақты болашағы үшін күрес жолында Қазақстан Республикасының іргесін қалаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев қосқан үлестің тарихи маңызы зор. Мемлекет басшысының 1991 жылы Семей ядролық полигонын жабу мен ядролық қарудың қуаты жағынан әлемдегі төртінші арсеналынан бас тарту туралы шешімдері жаһандық қауіпсіздікке қарай жасаған жауапты қадамның теңдессіз үлгісі болды», - деді ол.

Сонымен бірге, Қ.Тоқаев Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту және оны таратпау, ядролық қауіпсіздік жөніндегі барлық халықаралық шарттардың қатысушысы екенін атап өтті.

«Еліміздің бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Семей полигоны жабылған күн - 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні және 26 қыркүйекті Халықаралық ядролық қаруды түбегейлі жою үшін күрес күні деп жариялады. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 2015 жылы желтоқсанда қабылдаған Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдады», - деп еске салды Қ.Тоқаев.

Еске сала кетсек, 25-29 тамыз күндері Қазақстан астанасында ғылым мен жаһандық проблемаларды талқылайтын Пагуош ғалымдар қозғалысының 62-ші конференциясы өтеді.

Соңғы жаңалықтар