Қазақстан Президенті ШЫҰ бойынша әріптестерді АХҚО әлеуетін белсенді пайдалануға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ бойынша әріптестерді «Астана» халықаралық қаржы орталығы әлеуетін белсенді түрде пайдалануға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Посковидті қалпына келу процестері бізге ШЫҰ кеңістігінде сауда-экономикалық өзара іс-қимыл саласында жұмыстардың жағдайын қайта пысықтауға бірегей мүмкіндік береді. Бұл тұрғыдағы мәселе өңіраралық ынтымақтастықтың жекелеген көрсеткіштерін тек қалпына келтіру қадамдарынан ауқымды болып тұр. Осы орайда макротенденцияға талдау жасап, тәуекелдерді бағалап, осының негізінде жүйелі шешімдер қабылдау керек», - деді Қ. Тоқаев Душанбедегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында.

Осы орайда Президент ұйымның хатшылығына ШЫҰ-ның экономикалық, аналитикалық орталықтары консорциумымен бірлесе тиісті жұмысты жүргізіп, алдағы саммитке өздерінің ұсыныстарын таныстыруды тапсыру керек екенін айтты. Мемлекет басшысының пайымынша, тәжірибелік кеңістікте келісілген бірлескен экономикалық жобаларды жылдамдатып іске асыру үшін бірыңғай қаржылық тетіктерді тезірек іске қосуды қамтамасыз ету маңызды. «Қаржы нарығы мен қаржы технологияларын дамыту да ШЫҰ аясында өзара іс-қимылда маңызды әрі тиімді бағыттар болып саналады. ШЫҰ бойынша әріптестерді «Астана» халықаралық қаржы орталығы әлеуетін белсенді түрде пайдалануға шақырамыз. Қазіргі кезде осы орталық қарқынды қаржы алаңына айналып отыр», - деді Президент.

Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аталған орталық аясында екіжақты әрі көпжақты ынтымақтастықтың түрлі форматтарын ұсына алатынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар