Қазақстан Президенті KADEX көрмесінің басты ерекшелігін атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - KADEX қару-жарақ және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы әлемдік маңызды шараға айналды. Бұл туралы бүгін V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылуы құтты болсын! Бесінші рет өткізіліп отырған айтулы шара биылғы жылы Астананың 20 жылдығымен тура келіп отыр. «Қазақстандағы ғарыш күндері» атты форумның ұйымдастырылуы - биылғы көрменің басты ерекшелігі болып табылады. Мұнда әлемдік ғарыш саласының жетістіктеріне арналған арнайы павильон ашылды», - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті бүгінде KADEX қару-жарақ және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы әлемдік маңызы шараға айналғанын, онда әлемнің 28 елінен келген 318 кәсіпорын өз өнімдерін ұсынып отырғанын баса айтты.

«Көрме қонақтары қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің, ғарыш саласының соңғы жетістіктерімен танысатын болады. Бұл ретте электронды-жүйелі байланыс, қару-жарақты басқару ісіне баса мән берілген. Ақпараттық қауіпсіздік саласын жетілдірудің тың жолдарын зерттеу мәселесінде де назар аударылды.  Көрме Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, оны жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді деп сенеміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
null

Мемлекет басшысы осы шараға қатысушылар арасындағы өзара тиімді келісімшарттар  жасалуына тілектес екендігін де атап өтті.

«Көрмеге қатысушылар мен ұйымдастырушылар жұмысына зор табыс тілеймін. Ел үшін пайдалы, әріптестер үшін тиімді шараның жоғары деңгейде өтетіндігіне сенемін. Қазақстандық тарап дайындық үшін қолынан келген шараның барлығын жасады», - деп атап өтті ҚР Президенті. 

Айта кетейік, елорданың халықаралық әуежайының әскери секторы аумағында V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі өз жұмысын бастады. 

Шара барысында 17 отандық  кәсіпорын 57 әскери техника мен 162 әскери-азаматтық мақсаттағы бұйымның тұсаукесерін өткізбек. 

Соңғы жаңалықтар